Қорғаныс министрлігі: Әскерлеріміз алдына қойылған міндеттерді орындауға әзір
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері әскери техникамен марш жасады. Астана маңында Қорғаныс министрлігінің әскерилері далалық командалық пункт өрістетті. «Іс-шара 2014 оқу жылына арналған жауынгерлік даярлық жоспарының шеңберінде өткізілді. Үш күндік маршқа ҚР Қорғаныс министрлігі астаналық бригадасының 37 машинасы қатысты. Маршрут ұзақтығы 200 шақырымды құрады», - делінген аталған ведомство баспасөз қызметінің мәліметінде.
Әскери техника маршының қорытынды кезеңіне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысты. «Бүгін біз Қорғаныс министрлігінің далалық командалық пунктін, оның әзірлігі мен мүмкіндіктерін тексеру үшін өрістеттік және жедел топтарымыздың жұмысын байқап көрдік», - деді ҚР ҚК Бас штаб бастығы.
Бұрын хабарланғандай, автомобильдер маршын орындау негізгі міндеттерінің бірі әскери қызметшілердің әскери техника жүргізу дағдысын жетілдіру болды. Сондай-ақ далалық жағдайда Орталық Азия өңірінде теңдесі жоқ штабтық машиналардың төрт модульді кешені сынақтан өтті. Бұл кешен Қазақстан армиясының сапына 2012 жылы келіп түскен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 8 қаңтарда Қазақстан Қарулы Күштерінде жаңа оқу жылы басталды. Ол «Кәсіпқой маман - Армия негізі» ұранымен өтуде. 2014 жылдың ерекшілігі кәсібилендіруге байланысты Қарулы Күштер жаңа жауынгерлік даярлық бағдарламаларына көшеді. Бағдарламаның пилоттық нұсқасында ол ҚР Құрлық әскерлерінің бірнеше бригадасында сыналатын болады. Жыл соңында осы бағдарламалардың қорытындысы шығарылып, олардың мақсатқа сәйкестігі мен қажеттілігі айқындалады.
Осы орайда С. Жасұзақов сонымен қатар Қазақстан армиясындағы алғашқы жауынгерлік даярлық аптасының қорытындысын шығарды.
«ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінде авиациялық техниканың жауынгерлік және оқу-жаттығу міндеттерін орындауға әзірлігі тексерілді. Бұдан басқа, ҚР Қарулы Күштері жауынгерлік дабыл бойынша көтеріліп, алдын-ала жоспарланған іс-шараларды түгел орындап шықты. Бүгінгі таңда бүкіл жеке құрам керек-жарақпен толық қамтамасыз етілген және әскерлеріміз алдына қойылған міндеттерді орындауға әзір», - деп ҚР ҚК Бас штабының бастығы атап өтті.
Әскери қызметшілер ҚР Қорғаныс министрінің тапсырмаларын табысты орындап шықты.