Қорғаныс министрлігі азаматтарды әскерге шақыруға тіркеуді аяқтауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті әскери басқару органдары республикамыздың азаматтарын әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді аяқтауда.

Қорғаныс министрлігі азаматтарды әскерге шақыруға тіркеуді аяқтауда

«Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес 2014 жылы 17 жасқа толатын жасөспірімдер есепке алынатын болады. Бүгінгі таңда 80 мыңнан аса адамды әскер қатарына шақыру учаскелеріне тіркеу жүргізілді. Екі ай ішінде жасөспірім жігіттер тиісті қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде олардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау мақсатында медициналық тексеруден өтті. Бұрын хабарлағанымыздай, бұл іс-шаралар әскери қызметке шақырылу жасына дейінгі жастарды әскер қатарына дайындауға мүмкіндік береді. Денсаулықтарында елеусіз кемшіліктер анықталған жастарға тиісті емдеу мекемелеріне жолдамалар берілді. Олар онда әскерге шақырылу жасына дейін денсаулықтарын түзете алады. «Сонымен қатар әскерге шақыру пункттеріне тіркеу барысында жастар арасында әскери оқу орындарында білім алуға ниет білдіргендерге түсіндіру, насихаттау жұмыстары жүргізілді»,-делінген Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.