Қорғаныс министрлігі қазақстандық бітімгершілерге жасалатын жеңілдіктер туралы айтты

Оның сөзіне қарағанда, бітімгерші сарбаздардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуы халықаралық, сондай-ақ Қазақстан заңнамасымен лайықты деңгейде реттеліп отыр.
«Әлеуметтік қорғалуы жағы бізде ескерілген. Біріншіден, біздің жауынгерлер үш есе жоғары көлемде еңбекақы алады және бітімгерлік қызмет кезеңінде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар елге оралғаннан кейін, ақысыз негізде шипажайда емделеді. Қызмет өткерген мерзіміндегі 1 айы 1,5 айлық мерзім ретінде есептеледі»,-деді Т. Мұхтаров Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Осы орайда ол бітімгерлік «Қазбат» батальоны 2000 жылы құрылғанын еске салып өтті.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Қазбат» сапына енуге ниеттілер қатары қалың көрінеді. Сондықтан да іріктеудің қатаң тәртібі бекітілген. Осы орайда денсаулық жағдайы, спорттық даярлығы, кәсіби дағдылары, тілдерді меңгеруі, психологиялық тұрақтылығы және басқа да жеке қасиеттері ескеріледі.
Т. Мұхтаровтың айтуынша, қазіргі кезеңде бұл бөлімдер толықтай дайындықтан өтті. Олар қалалық және ауылды жерлерде жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуге, тұтқындарды босату әрекеттеріне оқытылып, дайындалды. Оның ішінде барлау шараларына, патрульдік операциялар және басқа маңызды іс-қимылдарды игеріп шыққан көрінеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан жауынгерлері БҰҰ-ның ең қауіпсіз миссияларына жіберілетінін айтқан болатын.