Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің 2 жылға ұзартылатынын растамады
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен интерактивті дәріс барысында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров мәлім етті.
«Ел ішінде әскери қызмет 1 жылдан 2 жылға ұзартылады деген ақпарат тарады. Бірақ заң жүзінде бір жылдық уақыт белгіленгендіктен мерзімді әскери қызметті өтеу уақыты өзгеріссіз қалады. Борышын өтеу үшін шақырылған сарбаздарға әскери әдіс-тәсілдерді оқып-үйренуге он екі ай жеткілікті деп ойлаймын. Біз оларды жүргізуші, атқыш секілді маңызды мамандықтарға баулып, 1 жылдың ішінде толық игеріп шығуларына мүмкіндіктер жасаймыз. Өйткені біздің арнайы әскери округтерімізде мамандандырылған оқу орталықтары жұмыс жасайды. Келген жастар негізгі әскери бөлімге жеткенше сол жерден жан-жақты даярланып, дәріс алып шығады», - деді ол.