Қорғаныс министрлігі Ми-17 тікұшағының апатқа ұшырау себептерін жариялады
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың 22 тамызында «Астана» халықаралық әуежайының маңында апатқа ұшыраған
МИ-17 тікұшағының апат себептерін анықтау бойынша құрылған ведомствоаралық комиссия өз жұмысын аяқтады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім етті.
Ми-17 тікұшағы ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің астаналық авиабөлімінің қарауында болған.
Апат «Астана» халықаралық әуежайы қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін жоспарлы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде орын алды. Кешенді іс-шаралар Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметі және басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста өткізілген болатын.
Ведомствоаралық комиссия тексеру қорытындысы бойынша апаттың басты себебі ретінде - тікұшақтың абайсызда «сол жаққа қарай өздігінен айналу» режиміне түсіп, соңынан «құйынды шығыршық» режиміне тап болуын белгіледі. Тікұшақты лажсыздан бірден қондыру әрекеті салдарынан ол ойрандалып, өртене бастады.
Ауыр әскери-транспорт тікұшағының ұшу ерекшеліктеріне қатысты және экипаждың ұшу тапсырмасының күрделігінің жиынтығы апатты жағдайға әкеп соқты.
Тікұшақ экипажы тікұшақты апатты жағдайдан алып қалуға тырысып, асқан жауапкершілікпен өте күрделі жағдайда өз борыштарын адал атқара білді.
Әскери және қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әуе апаты кезінде қайтыс болған
Ми-17 тікұшағы экипажының офицерлері қаза болғаннан кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Өз әскери борыштарын соңына дейін орындаған Қазақстан Республикасы қорғаушыларының даңқы арта берсін!