Қорғаныс министрлігі журналистерді әскерге шақырды. ВИДЕО
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада шоғырланған десантты-шабуылдаушылар бөлімі республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап жеке құрамның бір күндік жауынгерлік қызметін көрсетті.
Журналистер десантшылардың оқу-жаттығулары өтіп жатқан бірнеше нүктеде болып, олардың күнделікті жауынгерлік дайындықтарына куә болды. Жеке қарудан атып, жаттығып жатқан жауынгерлердің сабақтарымен танысты.
Десантшы-жауынгерлер алдымен, әуе десанты кешенінде өткізілетін жаттығуларын көрсетті. Бұл жерде әрбір әскери қызметші үшін міндетті түрде атлетизм, тез арада шешім қабылдау сияқты қасиеттерді игеру шарт.
Ведомство ақпаратына сәйкес, бүгінде осы бөлімдегі десантшы сарбаздардың оқу дайындығы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оқу-материалдық база жеткілікті. Нұсқаушылардың денін жоғары білікті офицерлер құрайды.
Елордадағы десантшылар бөлімі құрылған күннен бері астанамызда өтіп тұратын мемлекеттік және халықаралық саяси маңызы бар іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ат салысып келеді. Осыдан бірер жыл бұрын бас қаламызда болып өткен 7-ші қысқы Азия ойындары мен ЕҚЫҰ саммитінде қауіпсіздікті бақылауға тартылған болатын. Осындай мемлекеттік маңызы бар іс-шаралардағы арнайы жабдықталған блог-бекеттердегі қызметін олар бүгін де жұрт назарына ұсынды.
Көгілдір беретті десантшылардың жауынгерлік әзірлігін жекпе-жек ұрысынсыз елестету мүмкін емес. Мұздай қаруланған, шыныққан шымыр жігіттер көрсеткен бұл ұрыс түрінің элементтері десантшылардың ержігіт деген атқа лайық екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Одан соң журналистер бөлімнің бронедромында болып, Т-72 танксінің жауынгерлік мүмкіндіктерін бақылады.
Журналистерге шағын сұхбат берген бөлім командирі генерал-майор Алмас Жұмакеев: «Біздің сарбаздар күнделікті оқу-жаттығулар барысында кәсіби тәжірибелерін жетілдіріп, жауынгерлік шеберліктерін арттыруға мүмкіндік алады. Сол себепті десантшыларға жүктелер негізгі тапсырма моралдық жағынан тұрақты, денсаулығы мықты, сауатты, кез келген тапсырманы орындауға қабілетті кәсіпқойды дайындау болып табылады»,-деді.
Десантшылар бөлімінде болған БАҚ өкілдері қысқы оқу кезеңіндегі жауынгерлік дайындық барысы, сабақтар мен жаттығулар кестесі туралы жалпы алғанда, десантшылардың қызметі мен тұрмысы жағдайынан толық хабардар болып тарқасты.