Қорғаныс министрлігінде әскерді реформалау мәселесі талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскерді одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру конференцияның негізгі тақырыбы болды.
Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бүгінгі таңда бірінші кезекте бар күш-жігерді Арнайы операциялар күштерін, Құрлық әскерлерін, Әуе қорғанысы күштерін және аумақтық қорғаныс жүйесін дамытуға бағытталғанын айтты.
Әскерлердің ұтқырлығын арттыруға, заман талабына сай қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруға, жауынгерлік даярлық, әскери басқару, білім беру және кадр саясаты жүйесін жетілдіруге, оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларға, сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға ерекше назар аударылу үстінде.
- Қарулы күштердің негізгі даму жолдары Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен әскердің 2030 жылға дейінгі құрылысы мен даму тұжырымдамасында енгізілген. Жоғарғы бас қолбасшы Қарулы күштерді жетілдіру, олардың жауынгерлік әлеуетін арттыру міндетін жүктеді, - деп атап өтті министр. - Қызметті қайта форматтау бойынша айтылған шараларды іске асыру олардың жауынгерлік дайындығын қолдауды және кешенді дамытуды қамтамасыз етеді.
Әскери ведомство басшысы ардагерлер ұйымдары, ардагерлердің бай кәсіби тәжірибесі армияны жаңғыртуда үлкен қолдау көрсете алатынына сенім білдірді.
«Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нұғыманов ардагерлер ұйымдарының әлеуетін пайдалану әскерлерді даярлау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және жеке құрамды Қазақстан халқына адал болуға тәрбиелеу міндеттерін шешуде табысқа жетудің кепілі болатынын атап өтті.
Ардагерлердің өскелең ұрпақпен жұмыс істеуге атсалысуының маңызы зор. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру шараларын әзірледі. Бұл ретте ауқымды әскери-патриоттық жұмыстар жүргізілу үстінде.
Ардагерлер ұйымдарының құрамында Қазақстан армиясын дамытуға жәрдемдесуге дайын, қызметтік және жауынгерлік тәжірибесі мол мыңдаған белсенді азаматтар бар.