Қорғаныс министрлігінің 4 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды ? Бас прокуратура
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бас прокуратура тексеру барысында заңды тұлғаларға кедергі келтіру және басқа мемлекеттік органдар қызметіне заңсыз араласу фактілерін әшкереледі.
Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов бүгінгі апталық брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. С.Нұрпейісовтің айтуынша, бұл қолданыстағы заңдылыққа сәйкес сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын құқықбұзушылық болып табылады. Сондай фактілердің бірі Қорғаныс министрлігінде орын алған. Бас әскери прокуратураға «Дайк-Пресс» серіктестігінің директоры Қазғұловтан жалпы әскери жарғыларды басып шығару жөнінде қызмет көрсету келісім-шартын жүзеге асыруына ҚР Қорғаныс министрлігінің лауазымды адамдарының кедергі келтіріп отырғаны жөнінде шағым келіп түскен.
«Тексеру барысында «Дайк-Пресс» серіктестігінің жеңімпаз ретінде танылып, 41 млн. теңгеге келісімшартқа отырғанына қарамастан, Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаментінің лауазымды қызметкерлері аталған келісімді казынашылық органдарында ұзақ уақыт тіркемегені анықталды», - дейді С.Нұрпейісов.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігінің атына енгізілген ұсынысты қарау нәтижесі бойынша, «Дайк-Пресс» серіктестігімен отырған келісімшарт казынашылықта тіркеліп, төрт лауазымды адам, сонымен бірге Департамент басшысы полковник Ақпомбаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды.