Қорғаныс министрлігінің алқа мәжілісі өтті
АСТАНА. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы Әділбек Жақсыбековтың төрағалық етуімен алқа мәжілісі болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында 2009 жылдың жалпы қорытындылары шығарылып, алдағы 2010 жылға қорғаныс саласында жауынгерлік дайындықты арттыру және жауынгерлік әзірліктің сапасын жақсарта түсу мәселелері талқыланды. Қорғаныс министрі Ә. Жақсыбеков алқа барысында биылғы жылы Қазақстан Қарулы Күштері бірқатар жоғары деңгейдегі кең көлемді қоғамдық-саяси және жедел шараларды атқарғанын атап өтті. «Бұның ішінде ең алдымен бес мемлекеттің басшылары қатысып, жоғары бағалаған жедел әрекет ететін ұжымдық күштердің командалық-штабтық «Өзара іс-қимыл-2009» оқу-жаттығуларын, тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Конституция күні құрметіне арналған әскери парадты атауға болады», деді министр.
Министрдің сөзіне қарағанда, 2008 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінде әртүрлі деңгейдегі 32 оқу-жаттығу шаралары жүзеге асырылса, ағымдағы 2009 жылы бұл көрсеткіштер айтарлықтай өсіп, жалпы саны 52 жаттығу өткізілген. Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде Қазақстанда өтетін кең көлемді «Бейбітшілік миссиясы» оқу-жаттығу шарасына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, жиын барысында ағымдағы жылғы жауынгерлік жарыс жеңімпаздары мен «Өзара іс-қимыл-2009» оқу жаттығуында, сондай-ақ Конституция күніне арналған әскери парадта көзге түсіп, үздік көрінген әскери қызметшілер марапатталды.