Қорғаныс министрлігінің қайырымдылық мақсатындағы жүгіру акциясына 700-ден астам адам қатысты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тарихында алғашқы рет қайырымдылық мақсатында жүгіру акциясы өтті.
None
None

Қайырымдылық шарасына Қазақстан Қарулы күштеруінің генералдары - генерал-лейтенанттар Мұрат Майкеев, Олег Бижанов, Бақытжан Ертаев, генерал-майорлар Талғат Мұхтаров, Мұхамеджан Таластармен бірге, 700-ден астам әскери қызметші қатысты. ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әскери шенді азаматтармен қатар, акцияға қоғам қайраткерлері, белгілі өнер адамдары мен елорданың қарапайым халқы да қуана ат салысқан. «Бұл айды еліміздің Қарулы Күштері қайырымдылыққа арнады деуге әбден негіз бар. 1 қазаннан бастап, «Қарттарым-қазынам!» деген рухани тәрбие беретін акция басталған болатын. 1 желтоқсанға дейін жалғасатын шара аясында ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Астанадағы қарттар үйлерін аралап, бір күн емес, тұрақты түрде қарияларға көмек көрсетеді, қамкөңіл қарттарды қуантады. Астанада басталған осы қайырымды іс өзге өңірлердің барлығында жалғасын тапты»,-дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Мұхтаров. Ал, генерал-лейтенант Б.Ертаев атап өткендей, қайырмыдылық жүгіру акциясы әскери қызметшілердің бойындағы ерлік пен жауынгерлікті ғана паш етіп қоймай, Отанға, халқына деген қамқорлық мінездерін танытып отыр. «Әскерилеріміз осы шара арқылы өздерінің нағыз патриот екенін көрсетіп отыр. Олар, жаугершілікке ғана емес, қайырымдылыққа да дайын. Міне, бұл қазақ әскерінің, әскери қызметшілердің қандай патриот екенін дәлелдейді. Осы істері арқылы әскери адамдар жастарға қайырымдылық шараларының пайдасын көрсетеді»,-деп атап өтті Б.Ертаев. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінгі қайырымдылық жүгіру акциясы «Әскери династия» атты бірінші республикалық конкурс аясында ұйымдастырылған. Конкурстың арқасында өте ауыр әскери қызметке ғұмырларын арнаған отбасылар анықталған. Осы жарыс арқылы қазақстандықтар Қарулы күштерде борышын өтеген, тіпті, Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-әжелерінің, әке-шешелерінің жолын қуып, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның шекарасы мен тыныштығын күзетіп жүрген әскери отбасылар туралы ақпарат білді»,-дейді Т.Мұхтаров. Әскери конкурстың қорытындысы бойынша, Отанына 100 жылдан артық адал еңбек сіңірген Әпешевтер отбасы жеңімпаз атанды. Конкурстың екінші орнын Мұхаметқалиевтердің әулеті, үшінші орнын Танько әулеті жеңіп алды. Жалпы, бүгінгі қайырымдылық мақсатындағы жүгіру акциясы Отан қорғаушылар алаңында өтті. Қайырымдылық шарасына қатысқан азаматтар алаңның аумағына орнатылған арнайы жәшіктерге ақша салып, сол арқылы денсаулығы нашар балаларға көмек көрсетті. Себебі, бүгінгі шара барысында жиналған қаражат түгелдей «Балаларға өмір сыйлай қоры мен «Милосердие» қоғамдық қорына аударылады.

Соңғы жаңалықтар