Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен еліміздің әскер саласының қызметіне байланысты мәліметтер жинағы алғаш рет кітап болып басылып шығады
АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамында «Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша «Ақ кітап» дайындаудағы халықаралық тәжірибе және оны дайындаудың әдіс-тәсілдері: жалпы ерекшеліктер мен қазіргі тенденциялар» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында оған қатысушылардың талқылауына ұсынылып отырған мәселе жөнінде сөз қозғаған «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамының президенті Сергей Федосеевтің айтуынша, «Ақ кітап» елімізде демократияның дамып отырғандығын көрсететін маңызды құжат. «Өйткені, біз демократия жолында шын мәнінде елеулі белестерді бағындырдық. Енді біз біреуге қарсы шығудан гөрі мемлекеттің ашықтығы, жариялылығы сияқты ұстанымдарды алға тартып отырмыз. Бүгінгі біздің сөз етіп отырған «Ақ кітабымыз» осындай мәселелерден туындап отыр. Кітаптан еліміздің қорғаныс саласына қатысты көптеген деректер мен құнды мәліметтер алуға болады. Айталық, қорғаныс саласының бюджеті қанша, ол қандай мақсаттарға және қалай жұмсалуда. Қорғаныс саласының болашағы қандай, осы салаға қатысты қандай реформалар жүргізілуде деген сыңайдағы мәселелер кітапта кеңінен көрініс тапқан. Бұл шараның қолға алынуы әсіресе біздің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміздің тұсында аса маңызды болмақ. Басылымды еліміздің әскер саласының куәлігі десе болады. Бұл жаңадан шығарылып отырған дүние емес. Бұл кітап бізден басқа мемлекеттерде бұрыннан бар. Ал Қазақстанда ол алғаш рет жарық көретін болады. Қазір оған қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде», деді акционерлік қоғам президенті. Оның сөзіне қарағанда, акционерлік қоғам Қорғаныс министрлігінен кітапты шығару жөнінде арнайы тапсырыс алып, қазір оған қажетті материалдар жинақталуда. «Бүгін біз еліміздегі барлық әскери мамандардың басын қосып, олардың осы кітапқа қатысты ой-пікірлерін білудеміз. Біз жыл соңына дейін жоспарға сай осы кітаптың алғашқы жобасын дайындауымыз қажет. Ал келесі жылы ол жоба кітап болып басылып шығады. Ал оның қанша данамен шығатыны әзірге белгісіз. Дегенмен, мен оның жеткілікті мөлшерде шығарылатынына сенімім мол», деді С.Федосеев.