Қорғаныс министрлігінің үстінен ұшырылған квадрокоптер қолға түсті

НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат - 2 маусым күні кезекші бөлімше сарбаздары ҚР Қорғаныс министрлігі ғимаратының үстінен рұқсатсыз ұшып жүрген ұшқышсыз аппаратты (квадропоптер) байқап қалып, оны қолға түсірді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қорғаныс министрлігінің үстінен ұшырылған квадрокоптер қолға түсті

Квадрокоптер мен оның рұқсатсыз ұшырылуына қатысты материалдар істің мән-жайын анықтау үшін Есіл ауданының полиция басқармасына жолданды. Ұшқышсыз аппараттың иесі анықталды, қазіргі таңда онымен құқық қорғау органдарының өкілдері тиісті жұмыстар жүргізуде.

Қорғаныс министрлігі азаматтарға ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың әскери нысандардың үстінен рұқсатсыз ұшырылуына тыйым салынғандығын және мұндай әрекет ҚР «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі мен авиация қызметі туралы» Заңының 31 және 33 баптарын бұзу болып табылатындығы туралы бірнеше мәрте ескерту жасаған.

Заңның аталған нормалары мен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 563 бабын «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу» бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК көлемінде, ал лауазым иелеріне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Ал ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды (квадрокоптер) елді мекендерде пайдалану ережесі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтында жарияланған.