«Қорғаныс саласындағы былық-шылық» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 ақпан, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан ұстанымы қашан да айқын» атты мақала жарияланды. Онда Ядролық қаруды таратпау және қолданбау жөніндегі Қазақстанның халықаралық деңгейдегі қызметі кеңінен баяндалады.
«Жақында Мексикада ядролық қаруды қолданудың гуманитарлық салдарына арналған екінші халықаралық конференция болып өтті. Оған Қазақстан делегациясы да қатысты. Елімізден барған ресми өкілдер ядролық қару-жарақты қысқарту бойынша әлемдік қоғамдастықтың әрі қарай да үйлесімді күш-жігері қажет екені жөніндегі отанымыздың ұстанымын атап көрсетті», делінген мақалада.
«Кеше қазақ фольклорының 100 томдығының тұсаукесері өткізілді», деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті. «Ұлтымыз мақтанарлық ұлы мұра» атты мақалада «Бабалар сөзі» атты 100-томдығының мәдени салмағы, ұлтымызға тигізер рухани парқы бағамдалған.
Мемлекет басшысы 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында халқымыздың аса бай мәдени мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу, бастыру және жаңғыртуды мақсат тұтатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жасау жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Бұл зерттеу еңбегі де соның аясында шығып отырған бірегей дүние болып отыр.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Елді өркендетуге триллион теңге бөлінеді» атты мақала жарияланды.
Онда хабарланғанындай, ел Парламенті халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, қаржы секторының тұрақтылығын арттыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмысқа жұмылдырылады.
Сенаттың кешегі жалпы отырысында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жұмадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін парламентшілер алдында қандай міндеттер тұратынын түсіндіріп берді. «Сенат отырысында Ұлттық банкке теңге бағамының түзетілуіне байланысты ұлттық валютадағы депозиттердің сыйақы ставкасын 13-14%-ға дейін көтеру ұсынылды. Бұл ұсынысын сенатор Светлана Жалмағамбетова бас банкир Қайрат Келімбетовке арналған депутаттық сауал ретінде рәсімдеді. Оның байламынша, осылайша өз салымдарын жаппай әкетіп жатқан жұртшылықты банктерге кері оралтуға және теңгеге деген жақсы көзқарасты нығайтуға болады», - делінеді материалда.
«Жарнамасы жер жарып тұрған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы туралы естігендер қалтасында көк тиыны болмаса да, кәсіп ашып, несие алуды армандап қоятыны бар. Алайда оларға аптыққан көңілдерін басуларына тура келеді», деп жазады «Айқын» басылымы «Банктер ауылға барғысы жоқ» атты мақалада.
«Себебі жаңа кәсіп бастауға несие алу үшін де қалтаңда қаражатың болуы керек екен. Бұған Өңірлік даму министрлігі мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдері бірігіп өткізген баспасөз мәслихатында көз жеткіздік. Мысалы, жүзеге асырмақ жобаңыздың құны 1 миллион теңге болса, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры сіз үшін 700 мың теңгенің кепілдігін ұсына алады. Онда да қалтаңызда 300 мың теңге қаржыңыз болса ғана. Яғни жаңадан кәсіп бастауды жоспарламас бұрын, қаражат жинаңыз. Ал ондай қаржыны ауылдағы қара халық қайдан алады? Байқаған болсаңыз, мақтауы басым бағдарлама да қалталыларға арналғандай», - дейді мақала авторы.
«Түркістан» басылымы бүгінгі санында кейінгі кезде қорғаныс саласында жиі орын алып жатқан жемқорлық тақырыбын егжей-тегжейлі қозғаған. «Қазақстанның қорғаныс саласында жемқорлық әбден дендеп кеткен сияқты. Мемлекетке тиесілі қаражатты миллиондап, миллиардтап қалтасына басатын кейбір әскери шенділер қорғаныс пен қауіпсіздікке емес, бизнеске бас ұрған. Заңға, темірдей тәртіпке бағынуы тиіс әскерилер заңды неге белшеден басады?» деп жазады басылым. Тақырыпты толығымен «Қорғаныс саласындағы былық-шылық» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Казахстанская правда» басылымы Қазақстанда «ЦентрКредит», Kаspi bаnk және Альянс банктерінің банкротқа ұшырауы мүмкін деген жалған ақпаратты таратқандар қолға түскендігін хабарлауда. «Осторожно: ложная информация» атты мақалада ҚР Бас прокуратурасының осы фактіге қатысты тергеу жұмыстары кеңінен талқыланады. «Бас прокуратура банктердің қаржылық жағдайы туралы жалған ақпаратты таратқандарды анықтап, тұтқындады. Бұл адамдар өз кінәларын мойнана алды және аталмыш қылмысқа қатысты барлық мәселелердің басын ашып берді», - делінген мақалада.