Қорғаныс ведомствосының басшысы мерекеге қатысып отырған балалардың көбі халық қадір тұтатын Отан қорғаушы мамандығын таңдайтындығына сенім білдірді
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы мен армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» Республикалық мектебінің тәрбиеленушілерін қабылдады, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы өтіп бара жатқан жылдың немен есте қалғанын атап өтті.
- Бәріміз де осы жылдың жарқын әрі маңызды оқиғаларының куәгері болдық, - деді Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және барлық қазақстандықтардың еңбегінің арқасында еліміздің гүлденуіне тағы бір қадам жасалды. Жақында Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстан мен оның көшбасшысының дүниежүзінде жоғары беделге ие болғандығының куәсі болды.
Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери қызметшілердің жыл бойы өз жауынгерлік шеберлігін арттырып, оқу-жаттығулар өткізіп жатқандығын да атап өтті.
«Кадет корпусы мен «Жас ұлан» Республикалық мектебінің тәрбиеленушілері Қазақстан армиясын мақтан тұтады. Қазір біз саны шағын, ұтқыр, жақсы техникасы бар, кәсіби армияны құру жолындамыз. Сол себепті, армияда сауатты офицерлер мен сарбаздар қызмет етуі керек», - деді Қорғаныс министрі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы тәрбиеленушілермен сөйлесіп, Кадет корпусының оқу-жауынгерлік техникамен қамтамасыз етілгендігін, «Профи» жаттығу кешенімен жарақтанғанын атап өтті. Кадеттер өз жаттығу полигонында ату мен көлік жүргізумен айналысады.
«Жас ұлан» Республикалық мектебінде жүзу бассейні ашылды. Ұландар қазіргі заманғы мультисервистік ақпараттандыру және оқыту жүйесі негізінде оқиды.
Ел Президенті - ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз қамқорлығы арқасында орта әскери оқу орындары ары қарай өмір сүру, оқу мен келешек кәсіби қызметін жетілдіру үшін жалпы білім беретін даярлық, әскери білімдер негіздерін алуға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Бүгінгі таңда ҚР ҚМ Кадет корпусының он екінші, «Жас ұлан» Республикалық мектебінің тоғызыншы түлектері бітіріп отыр. Мектептің бірінші түлектері жоғары әскери білім алып, Қазақстан армиясының қатарында офицерлік лауазымдарда абыройлы қызмет атқарып жүр. Сондай-ақ, кадеттер де осы қатарды толықтырып, сержанттық құрамның командалық лауазымдарына тағайындалды.
Қорғаныс ведомствосының басшысы мерекеге қатысып отырған балалардың көбі, қиын, бірақ құрметті және халық қадір тұтатын Отан қорғаушы мамандығын таңдайтындығына сенім білдірді. Болашақ әскери қызметкерлер жаңа жылдық сыйлықтар алды, ал Қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков салтанатты түрде Аяз ата және Ақшақармен бірге жаңа жыл шыршасын жақты. Осы жерде дәстүрлі жайдары қол ұстасып жүріп ән шырқау, би билеу жарыстарымен ертегіге саяхат басталды.
- Бәріңізді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! 2011 жыл бойы, көңілдеріңіз осы мейрам күндеріндегідей көтеріңкі, әрі жайдары болсын! - деп Қорғаныс министрі тәрбиеленушілерді құттықтады. - Денсаулық, бақыт, жақсы оқу тілеймін! Сіздер біздің келешегімізсіздер, Сіздер өз істеріңіздің кәсіпқойы, Отанының нағыз патриоттары болады деп сенемін!
«Жас ұлан» мектебінде өткен жаңа жылдық шыршадан соң Қорғаныс министрі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы әскери кафедраның оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру жағдайымен, оқу-материалдық базасымен танысты.
Әділбек Жақсыбеков заманауи техникаларымен жабдықталған оқу аудиторияларын аралап көрді. Студенттер министрге қаруды пайдалану бойынша меңгерген тәжірибелерін көрсетіп, кафедраның шағын полигонында шағын жаттығу өткізді.
Оқу орнының жұмысына ризашылығын білдірген Қорғаныс министрі қазіргі уақытта Қазақстан армиясына жұмылдыру резервін дайындауда әскери кафедралар бірден-бір орын болып отырғаны атап өтті. Оның жарқын мысалы ретінде ашық әңгіме барысында көптеген студенттердің Отанға қызмет етуге әзір екендігін айтуға болады.