Қорғас арқылы тауар айналымның көлемі 8 есеге артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфрақұрылымды жетілдіру арқылы Қорғас арқылы тауар айналымның көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мәселесіне арналған брифингте ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов мәлім етті.

Қорғас арқылы тауар айналымның көлемі 8 есеге артады

«Индустриялық инфрақұрылымды дамыту үшін 2015 жылы Ұлттық қордан 81 млрд. теңге бөлінеді, оның ішінде «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымын салу үшін - 68,5 млрд. теңге, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымын дамыту үшін 12,5 млрд. теңге қарастырылды. «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымын салуды аяқтау шамамен 1,8 триллион теңге көлемінде инвестициялар тартуға және пайдалану кезеңінде шамамен 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын, сондай-ақ құрылыс кезеңінде 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деді ол.

М.Құсайыновтың сөзіне қарағанда, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымын салуды аяқтау Қорғас арқылы тауар айналымның көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде жүк тасымалдауды жылына 4 млн. тоннаға дейін ұлғайтады. Нәтижесінде, 150 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылады және 20 мыңға дейін жұмыс орны құрылатын болады.