«Қорғас» бекетінен 100-ге жуық ұялы телефонды заңсыз алып өтпек болған азамат ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қорғас» өткізу бекетінің шекара қызметі Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандалық қылмыстың жолын кесті. Бұл туралы ҚР Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық шекарашылар 20 жастағы қазақстандық азаматты 90 ұялы телефонды заңсыз алып өтпек болған жерінен қолға түсірді.
Ұсталған адам Қытайдан Қазақстанға «Митцубиши-Паджеро» маркалы көлігімен өтпек болған. Көлікті тексеру кезінде контрабандалық тауар жүксалғыштың астарына жасырылғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша іс құқық қорғау органдарына жіберілді.