«Қорғас ісі» бойынша халықаралық іздеуде болған соңғы күдікті - Б.Қайырбаев ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы облысы аумағынан «Қорғас ісі» бойынша халықаралық іздеуде болған соңғы күдікті Бекболат Қайырбаевты ұстады.

«Қорғас ісі» бойынша халықаралық іздеуде болған соңғы күдікті - Б.Қайырбаев ұсталды

Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, ол ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Т.Қайырбаевтың туған бауыры. Б.Қайырбаев ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату мақсатында құқық қорғау органдарындағы жоғары лауазымды тұлғаларды сатып алу жоспарын жүзеге асыруда байланыстырушы буын болған.

Ағасының тапсырмасымен әрекет еткен ол, таныстары М.Зиманов, У.Әубәкіров, Құсманов пен Р.Жүсіпов арқылы лауазымды тұлғаларға 3,2 млн. доллар пара берген. Олар өз кезегінде Т.Қайырбаевты қылмыстық жауапкершіліктен босатуы тиіс болған.

Б.Қайырбаев 2012 жылдың наурызынан іздеуде болған еді. Қазіргі уақытта ол Талдықорған қалалық ІІБ-нің уақытша оқшаулағышына қамалды.

Айта кетерлігі,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Қорғас ісіне» қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың іздеуде болған барлық мүшелерін ұстады.