«Қорғас - Шығыс қақпасы» толық қуатына енгенде 10 мың жұмыс орны қамтамасыз етіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Қорғас - Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағы толық қуатына енгенде 10 мың жұмыс орны қамтамасыз етіледі.
Бұл туралы Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияның отырысында мәлім болды. Онда «Нұрлы жол» бағдарламасының Атырау облысындағы «Индустриялық мұнайхимия ұлттық технопаркі» арнайы экономикалық аймақ аумағындағы индустриялық жобалар мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағына бөлінген қаражаттың тиімді игерілу мәселесі талқыланған болатын.
«2014-2016 жылдары «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы жобасын жүзеге асыру кезеңінде жалпы сомасы 83,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 36,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 46,5 млрд теңгесі «Қазақстан теміржолы» АҚ жеке қаражаты. Бұлардың басым бөлігі аймақтағы құрғақ портты салуға жұмсалуда. АЭА толық қуатына шыққан 2020 жылы ондағы жүктердің айналымы жылына 4,4 млн. тоннаға жетеді деп жоспарлануда», - деді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Үкіметпен өзара іс-қимыл жөніндегі Басқарушы директоры Нұрлан Рахметов.
Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру құрылысына 939 жұмыс күші қамтамасыз етіледі. Ал нысан толық қуатына енгенде 10 мыңға тарта жұмыс күші қамтамасыз етіледі.
«АЭА құрғақ порттан, логистикалық порттан және индустриялық аймақтан тұрады. Қазіргі уақытта инвестициялық-логистикалық толықтыру жұмыстары белсенді атқарылуда», - деді Н. Ахметов.
Оның айтуынша, АЭА-қа республикалық бюджеттен бөлінген 36,8 млрд теңгенің бірінші траншы 2014 жылдың аяғында беріліп, ол толығымен игерілген. Екінші траншы 2015 жылдың 9 желтоқсанында оператор қолына тиген. «Бастапқыда бұл қаражатты игеру 2015 жылға жоспарланған болатын. Алайда жобалық құжаттамаларды әзірлеу нәтижесі бойынша бірқатар түзетулер енгізілді. Бұл түзетулердің ұзаққа созылуына орай қаржылық-экономикалық негіздеме 2015 жылдың қарашасында жасалып, қаражатты игеру содан кейінгі кезеңде белсенді жүргізіле бастады. Жалпы АЭА жұмысының 80 пайызға жуығы орындалды», - деді Н. Рахметов. Оның айтуынша, қазіргі таңда АЭА-тағы негізгі 68 нысанның 51-і толық аяқталған.
ҚазАқпарат, Астана