Қорғаста адам өлтірген күдікті жанжалдың неден шыққанын айтты

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -  Алматы облысы «Қорғас» ШЫХО аумағындағы адам өліміне байланысты сот процесі жалғасуда. Күдікті Диас Кәріпжанов жанжалдың неден шыққанын өзі баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Күдіктінің сөзінше, ол марқұм болған Қуаныш Төлегеновтен бірнеше мәрте қысым көрген. 4-5 рет ақша талап еткен және Диас ақшасын апарып беріп отырған екен. Тіпті Қуаныш одан «Айфон 5s» ұялы телефонын өзінің анасына сыйлаймын деп алып алған. Сондай-ақ сот процесінде  айыпталушы 4 маусымда болған жанжалдың не себептен шыққанын айтты.

«Маған: «сөз түсінбейсің бе», - деді Қуаныш. Не болып қалды «братан» деп едім, ол тұрды да айтты: «Мен саған айттым ғой, Аидаға ырбыңдама деп». Сосын мен оған: «Мен оған ырбыңдаған жоқпын, біліп алсаңшы» деп едім, ішімнен екі-үш рет ұрды. Қолынан ұстап алып, жібермей қойып едім, ол да долданып кетті ме, қолымнан жетектеп, далаға шығарды», дейді күдікті сотта берген жауабында.
null 

Сондай-ақ, Диас артынша Қуаныш және тағы бір жігіт өзін жабылып ұрғанын айтты. Ол сол сәтте есеңгіреп қалғанын жеткізді. Ал Қуаныштың жүрек тұсына пышақты қалай тығып алғанын түсінбей қалғанын айтады. Күдіктінің сөзінше, оның шағын сөмкесінде ылғи да пышақ жүреді екен. Себебі, жүктерді ары-бері тасымалдағанда пышақ жіптерді «кесу үшін» керек  болатын көрінеді. Тіпті сол күні қайтыс болған Қуаныштың да сөмкесінде пышақтың болғанын прокурор сот процессінде айтты. Процесс барысында «Қорғас»  ШЫХО бақылаушысы болып қызмет істейтін Аида да келді. Ол өз сөзінде  Диаспен сөзге келіспеген жағдайдың болғанын айтты. Себебі, Диас бір мәрте өтетін жерден бірнеше мәрте өтіп, қызметкерлерден ескерту алғанға ұқсайды. Бірақ, Аида бұл жайлы  Қуанышқа айтпағанын жеткізді. Істің осыншама насырға шабуына не себеп болғанын білмейтінін түсіндірді. Аталған іс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.
null 

Естеріңізге сала кетейік, биыл маусымның төртінде болған қанды оқиғаға байланысты Панфилов ауданының тұрғыны Д. Кәріпжанов айыпталып отыр. 22 жастағы күдікті ҚР ҚК 99-бабы 1-тармағы, яғни «Адам өлтіру» фактісі бойынша айыпталуда. Ол өзінің танысы Қ. Төлегеновпен өзара сөзге келіспей, оның кеуде тұсына пышақ сұғып алған. 25 жастағы азамат алған жарақатынан кейін Жаркенттегі ауруханаға жетпестен көз жұмды. Қанды оқиға Алматы облысындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының аумағында болды. Адам өлтіру оқиғасы бейнебақылау камерасына түсіп қалған болатын.

Соңғы жаңалықтар