«Қорғаста» шекарадан контрабандалық жүк тасушылар тыйылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қорғаста» шекара бекеті арқылы контрабандалық жүк тасушылардың іс-әрекеті тыйылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

«Қорғаста» шекарадан контрабандалық жүк тасушылар тыйылды

«Қазіргі уақытта контрабандалық тасымалды ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды қоса алғандағы барлық тұлғаларды іздеу бағытындағы қажетті шаралар жүргізілуде», - деп нақтылады ол.

Оның атап өтуінше, «Қорғас» шекара бекетінде азық-түлік пен тұрмыстық заттарды контрабандалық жолмен тасымалдау арнасы да жойылған. «Біз ары-бері өтетін адамдар санын төмендеттік. Ол жаққа жүк тасымалдаушылар өтіп, жүздеген келі тауарды бері алып келетін. Ол, тіпті бөтеннің мүлкі. Яғни, мұны контрабандалық десек те болады. Олар жүкті әкеліп бергендері үшін сыйақы алып отырған», - деді комитет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, алдын алу шаралары қолға алынғанға дейін сәуір айында «Қорғас» шекарасын шамамен 110 мың адам кесіп өтсе, ағымдағы жылдың маусым айында олардың саны 74 мыңға дейін төмендеген. «Бұған қоса, ары-бері өтетін адамдар саны қысқарғанына қарамастан бюджетке түсетін төлемдер саны 11 млн.-нан 17 миллионға дейін артты. Яғни, қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастады», - деді Д.Ерғожин.