Қорғастағы адам өліміне байланысты сот аяқталуға жақын

22 тамызда басталған сот процестің келесі отырысы қыркүйектің 14-не белгіленді. Сағат 11:00 де басталатын іс Талдықорған қаласындағы Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді. Бұл жолы қос тарап жарыссөзге шығады. Алайда айыпталушы орындығында отырған Диас Кәріпжанов тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше ол Қуаныш Төлегеновты қасақана өлтірмеген. Және ол істеген әрекетіне қатты өкінетінін, қылмысын жартылай мойындайтындығын жеткізді.
22 жастағы күдікті ҚР ҚК 99-бабы яғни, «Қасақана адам өлтіру» фактісі бойынша айыпталуда.
Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға биыл 4 маусымда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының аумағында болды.
Панфилов ауданының тұрғыны Д. Кәріпжанов өзінің танысы Қ. Төлегеновпен өзара сөзге келіспей, оның кеуде тұсына пышақ сұғып алған. 25 жастағы азамат алған жарақатынан кейін Жаркенттегі ауруханаға жетпестен көз жұмды. Адам өлтіру оқиғасы бейнебақылау камерасына түсіп қалған болатын.