«Қорғастағы» Нұркент қаласының халқы 2030 жылға дейін 100 мыңға жетеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Қорғас» азат экономикалық аумағындағы Нұркент қаласының дамуы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорғастағы» Нұркент қаласының халқы 2030 жылға дейін 100 мыңға жетеді

«Жаңа Нұркент қаласының егжей-тегжейлі жоспарының жобасы әзірленді. 2030 жылға дейінгі жобалық кезеңде тұрғындардың саны 100 мыңға жететін қала өсуі қажет», - деді Амандық Баталов шетелдік дипломаттарға «Қорғас - Шығыс қақпа» АЭА-ны таныстыру кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жергілікті атқару органдары жаңа өндіріс орындарын жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр.

Облыс әкімінің айтуынша, «Қорғаста» 10 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, ал олардың отбасы мүшелерін қосқанда бұл шамамен 50 мың тұрғынды құрайды.

Сондай-ақ әкімдік колледждер мен жоғары оқу орындары арқылы қазақстандық жұмысшыларды «Қорғаста» жұмыс істеуге баулиды.

Еске сала кетейік, бүгін шетелдік дипломаттарға «Қорғас - Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті таныстырылды.