Қорғастан 200 000-нан астам көлік кедендік рәсімдеуден өтті - шетелдегі қазақ баспасөзі

Қорғас порты
Фото: kaz.people.cn

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады. 

Визасыз режим іске қосылғалы бері Қазақстанға кіріп-шығатындар саны артты - ukilialtay 

Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара визалық жеңілдік 30 күнге ресми түрде күшіне енгені белгілі. Қазіргі уақытта Жеменей кеден бекетінен (бергі жағы Майқапшағай кеден бекеті – авт.) кіріп-шығатын жолаушылардың орташа тәуліктік саны 300-ден асады. Бұл туралы Қытайдың ukilialtay ақпараттық порталы хабарлайды. 

Виза
Фото: mp.weixin.qq.com

Жалпы Қытай мен Қазақстан арасында кадрлық сапарлары, экономикалық және сауда алмасулары жиі болып тұрады. Қытайлық кеден бекеті жоспарлауды күшейту және полиция күштерін мұқият орналастыру арқылы жұмысты ғылыми түрде ұйымдастырғанын және барлық тексеру арналарын ашқанын айтады.

Жеменей шекаралық бақылау бекетінің бірінші кезекші капитанының орынбасары Чэнь Руичи кедендік ресімдеу процедураларын оңтайландыру, тиімді және ыңғайлы ету үшін жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етеді.

Визасыз режим
Фото: mp.weixin.qq.com

«Қытай мен Қазақстан арасындағы 30 күндік визасыз режим 10 қарашада жүзеге асырылғалы бері кеден бекетінен кіріп-шығатын жолаушылар саны артты. Күн сайын 300-ден астам адам кіріп-шығатын тікелей өсу тенденциясына ие болды. Біз жолаушылардың кіріп-шығу үшін қауіпсіз, тиімді және ыңғайлы кедендік ресімдеу ортасын қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Кедендік ресімдеу процедураларын оңтайландыруда қызметтік басшылықты күшейту сияқты шараларды қабылдау арқылы жолаушыларға және кедендік ресімдеудің тиімділігін үнемі арттыруға мүмкіндік береміз», - дейді Чэнь Руичи. 

Әлемге әйгілі 1 000 кітап өзбек тіліне аударылады - «ӨзА» 

Өзбекстан Республикасы Президенті «Жастарға арналған мың кітап» жобасын жүзеге асыру шаралары туралы шешім қабылдады. Оған сәйкес әлемге әйгілі 1000 кітап іріктеліп, өзбек тіліне аударылады. Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

өзбек тіліне аударылды
Фото: uza.uz

Жоба аясында мемлекеттік тапсырысқа сәйкес авторлардан кітаптарды пайдалану құқығын сатып алу, оларды өзбек тіліне аудару, баспаға дайындау жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар мемлекеттік жоғары оқу орындарына арналған кітаптардың тізбесін Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі қалыптастырады.

Кітаптар тізімін ғылым, мәдениет, өнер, әдебиет және басқа да салаларда тәжірибесі мен білімі жетілген ғалымдар, сондай-ақ Республикалық рухани-ағарту орталығының, Дін істері комитетінің мамандарынан құралған Сарапшылар кеңесі жасайды.

Кітаптарды өзбек тіліне аудару және басып шығаруды жүзеге асырылу кезеңдері туралы сөз болған. 2023-2024 жылдары алғашқы 50 кітап аударылып, дайындалып, басып шығарылмақ. 

Моңғолияда Мұрат Пұшатайұлы атында аламан айтыс өтті - Janadauir.com 

Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы музыкалық драма театрында ақын, қоғам қайраткері, саясаткер Мұрат Пұшатайұлы атында аламан айтыс өтті. Аталмыш айтысқа Қазақ елінен, Қытай халық республикасынан, Қырғыз елінен және аймағымыздан барлығы 21 ақын қатысты, деп жазады моңғолиялық Janadauir.com сайты. 

Моңғолия
Фото: janadauir.com

Аталған БАҚ-тың дерегінше, зал көрерменге лық толған. Халықтың осындай бір аламан айтыс сағынып қалғаны байқалғандай. Айтыс басталмас бұрын ақын және қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлын еске алып, ол кісінің өмір жолынан мәліметтер беріліп, өлеңдері оқылып, әндері айтылған. Әуелгі сөз кезегін алған бас төреші, ақын, Қазақ елінің мәдениет қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы бұл жолғы айтыстың маңыздылығына тоқталған. 

Бұл іс-шараның барлық шығынын Мұрат Пұшатайұлының жұбайы мен балалары көтерген. 

Қазақстан шетелдік инвесторларды табысты түрде тартуда – «TRT» 

Қазақстан экономикасына шетелдік инвесторларды табысты түрде тартып жатыр. 2022 жылы Түркияға инвестициясы да 68 миллион доллардан асты. Қазақстаннан басқа елдердің экономикасына жүргізілген тікелей инвестиция 10 жылда 52,2 пайыз азайды. 2022 жылы қазақ инвесторлардың ең көп инвестиция салған үш елі арасында Нидерланд, Ресей, Кайман аралдары орын алады. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық қатынастар бара-бара артуда. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған. 

экономика
Фото: trt.net.tr

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар болса 2013 жылы 24,1 миллиард доллар болатын, бұл көрсеткіш он жылда 16,3 пайыз артып, 2022 жылы 28,03 миллиард долларды құраған. 

Өткен жылы қазақ экономикасына 8,3 миллиард доллардық инвестиция салған Нидерланд шетелдік инвесторлар тізімінде көш бастап тұр. 

«Ұлы жібек жолы-2023» атты халықаралық көрме басталды - «Parstoday» 

Қазақстанның Алматы қаласында түрлі елдер өкілдерінің қатысуымен «Ұлы жібек жолы-2023» атты халықаралық көрме өтті. Бұл туралы осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігі ҚР Мәдениет министрлігіне сілтеме жасап хабарлады. 

көрме
Фото: parstoday.ir

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, бұл көрмеге Қазақстан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Әзербайжанның мерзімдік басылымдары, баспалары мен кітапханаларының өкілдері, сондай-ақ Түркия, Қытай мен Иранның дипломатиялық өкілдері және Қазақстан Мәдениет министрлігінің баспа ісі басқармасының қызметкерлері қатысқан. 

Айта кету керек, бұл көрме Қазақстанда заманауи кітаптардың таралымын арттыру, кітап нарығында ішкі өндірушілердің орнын нығайту және полиграфия саласында жаңа технологияларды таныстыру мақсатында өткізіліп жатыр. 

Шешеннің тілі, шебердің қолы ортақ - Janadauir.com 

Осы аптада janadauir.com ақпараттық порталы «Кәсібім-несібем» айдарынан он саусағынан өнер тамған шебер – Бүркітханқызы Еркегүлді таныстырды. Ол Өлгий сұмыны 10-бақта өмірлік жолдасы және балаларымен бірге тұрады. Еркегүл қазір өз үйінде тігін тігумен, жаңа үйленген жастарға арналған жасаулар жасаумен айналысады. Мамандығы да – тігіншілік. Осы салада оқып, кәсіптің қыр-сырын меңгерген шебер көп жылдар бойы халыққа қызмет етіп келеді. Өзінің сүйікті ісін, кәсібі болдыра білген Еркегүл ханымды моңғолиялық басылым әңгімеге тартқан.

қолөнер
Фото: janadauir.com

Тігінші Еркегүл сұхбат барысында қазіргі табысын айтып берген. Ол осындай қолөнері бар азаматтар бірігіп серіктестік құрып, бірге әрекет етуіне де болады. Арықарай тіпті компания құруға да мүмкіншіліктері бар екенін тілге тиек еткен.

«Janadauir.com»-ның дерегінше, Еркегүл тұратын аймақтағы ұлттық қолөнер деген өз алдына үлкен бір сала. Ендеше осыған да аймақ тарапынан қолдаулар, бағдарламалар қажет екені айтылады. Сондай-ақ осы кезде көптеген қыз келіншекті жұмысты, кірісті болдыратын мүмкіндіктер қарастырылуы күн тәртібіндегі мәселе болып тұр, деп түйіндейді моңғолиялық басылым.

Қорғастан биыл 200 000-нан астам көлік кедендік рәсімдеуден өтті - «Халық газеті» 

24 қарашадан бастап Қытай-Қазақстан шекарасындағы Шыңжаң Қорғас автомобиль порты 24 сағаттық кедендік ресімдеуді және сынақ негізінде жүктерді кедендік рәсімдеуді жүргізеді. Қорғас шекарасы елдегі автомобиль экспорты үшін ең үлкен құрлық порты. Мыңдаған коммерциялық көліктер күн сайын осында кедендік рәсімдеуден өтіп, Орталық Азия мен Еуропаға сатылады. Осы жылы портта 200 000-нан астам автомобиль кедендік рәсімдеуден өтті, деп хабарлайды «Халық газеті».

виза
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметінше, Қытайға кіретін және шығатын көлік құралдары негізінен экспортқа арналған, ауыр және коммерциялық көліктерге бөлінеді. Ауыр жүк көліктерінің орташа тәуліктік клиренсі 300 бірлікті құрайды.

Бұл көліктердің біразына отандық (Қытайлық – авт.) жемістер мен көкөністер, кейбіреулеріне отандық күнделікті қолданылатын заттар, электр бұйымдары, сонымен бірге Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдердің құрлысына көмектесетін жел қалақтары сияқты жабдықтар тиелген. 

Сондай-ақ осы аптада «Іледе қар-мұз маусымына арнап 30-дан астам іс-шара ұсынылды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланған болатын.  

Іле
Фото: kaz.people.cn

Биылғы 1 желтоқсаннан келесі жылдың 31 наурызына дейін Іле қазақ автономиялы облысының барлық аудан-қаласы қатарынан 30-дан астам қар-мұз фестивалі, туристік іс-шаралар ұйымдастырып, туристерді «қардан ләззат алуға, қар ойнауға және шаңғы тебуге» шақырады, деп жазады Қытайдың «Халық» газеті ақпараттық порталы. 

Аталған басылымның мәліметінше, Іле облысында 20 тау шаңғысы курорты бар. Сонымен қатар Нарат және Қаражон сияқты жоғары сапалы көркем жерлер бар. Осы туристік ресурстардың негізінде биыл қыста саяхатшыларды тарту үшін 10 «хит» орын іске қосылады. 

 

Соңғы жаңалықтар