Көргенімнен "көзақы" алмасам да, естігенімнен "сөзақы" аламын - Ғалия Қайдауылқызы
АЛМАТЫ. 22 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Оқырман кітап оқымайын деп жүрген жоқ, оқитын кітап таппай жүр. Бұл пікірді "Алтын арқау" мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы бүгін Алматыда "1001 түйін" деп аталатын жаңа кітабын таныстыру рәсімінде айтты.
"Мамандығым - журналист. Сондықтан сөз саптамауға, сөз жинамауға сөздің қадірін түсініп, оны халыққа ұсынбауға біздің хақымыз жоқ. Көргенімнен "көзақы" алмасам да, естігенімнен "сөзақы" аламын", - дейді журналист, этнограф, ақын Ғалия Қайдауылқызы. Ол 1951 жылы 1 маусымда Алматы облысы Нарынқол ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген болатын. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1968-1971 жылдары Кеген аудандық радиохабарлар тарату комитетінде жүргізуші-диктор, жергілікті халық театрының негізін қаласқан өнерпаз қатарында қаламгерлік жолын бастады. 1971-76 жылдары С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеттің журналистика факультетін тәмамдап, республикалық теле-радио комитетінде кәсіби шеберлігін шыңдап, маман ретінде жұртқа танылды. 1985 жылдан бастап мектептен тыс тәрбие жұмыстарына белсене атсалысып, республикалық деңгейде өткізілетін көпшілік-мәдени шаралардың сценарисі, әрі қоюшы режиссері болды. 1990-2001 жылдары Қазақстан мұсылман әйелдері қоғамдық бірлестігінің негізін қалауға атсалысып, оның көшбасшыларының қатарына енді. Соңғы жылдары "Алтын қазық" журналының Бас редакторы болып, "Алтын арқау" мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігіне төрағалық етуде.