Қоры сарқылып келе жатқан кеніш иелеріне «балама салық» салу ұсынылды
Парламент Сенатында Салық кодексінің жаңа редакциясы туралы Үкімет сағаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
«KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев жаңа салық кодексіне мұнай саласындағы салықты реттеуге арналған үш ұсыныс айтты.
«Біріншіден, қоры сарқылып келе жатқан мұнай кеніш иелерін өндіріс деңгейін сақтап қалуға мүмкіндік беретін технологияларға инвестиция салуға, еңбек ұжымының айлығы мен әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсарту үшін инвестиция салуға міндеттейтін жаңа ынталандырушы механизм қарастыру ұсынылады. Оны «жер қойнауын пайдаланушыға салынатын салыққа балама салық» деп атауға болады», - деді қауымдастық басшысы.
Сондай-ақ, ол мұнай кенішін барлау және өндірістік тәжірибе кезеңінде жағылатын газға салықты әлемдік бағамен емес, өзіндік құнына қарап салуды ұсынды.
«Өйткені ол газ экспортқа шығарылмайды, кәсіпорынның ішкі қажеттілігіне жаратылады, Үшіншіден, экспортқа кететін мұнайды өндіруге салынатын салықтарды іс жүзіндегі сатылым бағасына қарап, трансферттік баға қалыптасу жағдайын ескере отырып есептеу керек», - деді Кенжебек Ибрашев.