Көрісу күнінде ауыл жастары 102 жастағы әженің батасын алды

Ауданның ең қарт тұрғыны саналатын әжей жастарға «Жасың құтты болсын!» айтып, ризашылығын білдіріп, өзінің өмір жолын әңгімелеп берді. Қарапайым отбасында дүниеге келіп, бастауыш мектепте оқып, сауатын ашқан ол көршілес Жаңақала ауданындағы Борық елді мекенінде дүкенші болады. Тарас Айтқалиевке тұрмысқа шыққан Мафтуха өмірде қиындықты аз көрген жоқ. Әсіресе, арқа сүйер ерінің қазасы ауыр тиеді. Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанған аға лейтенант Тарас Айтқалиев 1943 жылы Сталинград қаласында ерлікпен қаза тапты. Басына түскен ауыртпалыққа қарамастан, шаңырақтың отын сөндірмей, балаларын өсірді. Ұлы Ерлан көп жыл дәрігер болып, елге қызмет етті. Қазір ол жоқ болғанымен, өзін бағып-қағып отырған келіні Алтын бар. Бүгінде жиендері мен жиеншарларының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Ғасыр жасаған әжей әлі тың, санасы сергек, кітапханадан кітап алдырып оқиды. Ол - ауыл кітапханасының ең байырғы оқырманы.
«Қиындықты біз көрсек те, кейінгі ұрпақ бақытты болсын. Тәуелсіз еліміз одан сайын өркендей берсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болып, кең байтақ Қазақстанға ырыс-береке әкелсін!», деді Мафтуха Айтқалиева.
Айта кетейік, бүгін Көрісу күніне орай өңірде мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықпен бірлесе отырып, «Көрісіп, батасын ал ақсақалдың» атты шарасын өткізді. Онда жастар соғыс және еңбек ардагерлері, елге сыйлы адамдардың үйлеріне барып, мейраммен құттықтады. А.Островский атындағы облыстық орыс драма театры алдында арнайы концерт қойылды. Автобустарда дыбыс күшейткіштер арқылы ақ тілектер айтылып, әндер шырқалды. Осындай шаралар облыс аудандарында да жалғасын тапты.