Көркем әдебиетті басып шығаратындарға қолдау көрсетіледі - Асхат Аймағамбетов

Асхат Аймағамбетов
Фото: primeminister.kz

Көркем әдебиетті басып шығарумен айналысатын баспалардың жұмысына қолдау жасалады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде қазақ тіліндегі көркем әдебиеттің баспа индустриясын дамыту тақырыбындағы жиында палата депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Депутаттар осы бағыт бойынша бастама жасаған еді. Оның аясында арнайы заң жобасы дайындалып, соған бірқатар түзету енгізіліп, құжат Үкіметтің қорытындысын алуға жолданды. Бұл заң жобасы 2 апта ішінде Парламентке енгізілгеннен кейін, бізде жұмыс тобы құрылады», - деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, авторлық құқық бойынша ұсыныстар да аталған заң жобасында ескеріледі.

«Саладағы салық бойынша жеңілдіктерді қарастырамыз. Бұл өз кезегінде мемлекеттің кірісіне айтарлықтай нұқсан келтірмейді деп санаймыз. Салық жеңілдіктері нақты осы секторды қолдауға тиімді қадам болмақ. Екіншіден, субсидия беру мәселесі де маңызды. Бірақ субсидияны тиімді тәсілдермен іске асыруымыз керек. Қолдауды қажет ететін баспаларға немесе авторларға беруді қарастырған жөн. Сондықтан субсидияны егжей-тегжейлі талқылаймыз», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кітап басу саласындағы субсидия мәселесін де пысықтау керек екенін айтты.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы мемлекеттік кітапханалардың қорын бір жерден цифрландыруды ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram