18:07, 25 Сәуір 2014 | GMT +5
«Көркем» тұрғын үй кешенінде жарақаттанған құрылысшыларға өтемақы төленуі ықтимал
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылыс жүргізуші компанияның кінәсі анықталса, «Көркем» тұрғын үй кешенінде жарақаттанған құрылысшыларға өтемақы міндетті түрде төленетін болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне «Айбын Құрылыс» компаниясынан хабарлады.
«Кімнің кінәсі болғаны тергеу жұмысының барысында анықталады. Егер оқиға құрылыс жүргізуші компанияның кесірінен орын алған болса, сөзсіз жарақат алған құрлысшыларға өтемақы төленеді. Бірақ ол жерде мердігер компанияның құрылысшылары зардап шеккен. Олар тұрғын үйдің қасбетін салу жұмыстармен айналысып жүрген. Барлық басшылық түске дейін нысан аумағында болды. Барлығы қазір анықталып жатыр», - деп атап өтті компаниядан.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада «Көркем» тұрғын үй кешенінде металл құрылымдарының бөліктері құлап кетіп , 18 адам жарақат алған болатын.