Көрікті қала қатал ұстаздай дұрыс жүріп-тұруға баулиды — Тоқаев тазалықтың қоғамға әсері туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы — халқымыздың болашағына жасалған инвестиция. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.

«Таза Қазақстан»
Фото: Акорда

Президенттің айтуынша, сәні мен сәулеті жарасқан қала кеңістігі қатал ұстаз сияқты артық ақыл айтып, ділмәрсімей-ақ дұрыс жүріп-тұруға баулиды.

— Тазалық азаматтарымызды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтеді. Мұның бәрі — бір-бірімен байланысты дүние. Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады. Сайып келгенде, елдің әл-ауқатының артуына ықпал етеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біз әлеуметтік масылдықтан арылып, жауапты серіктестікке түбегейлі көшуге жағдай жасауымыз керек.

— Елдегі өзгеріс қарапайым істен басталады. Тұрғындары іскер, белсенді әрі жаңашыл әкімді сайлаған берекелі ауылдан, өз үйінің мәселесіне бей-жай қарамайтын мүлік иелері бірлестігінің тату-тәтті тіршілігінен, азаматтарға шарапаты тиген волонтерлік және қайырымдылық бастамалардан көрінеді, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елді көркейтуге әрбір азамат атсалысуы керектігін айтқан еді.

Сондай-ақ Президент тазалықты ұлттық брендке айналдыру керегін айтты.