«Қорқыт атаның мұрны бұзылып, Онегиннің қолы сынды» - баспасөзге шолу
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 27 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Алматыда Ауғанстан жөніндегі Ыстамбұл үдерісі Сыртқы істер министрлерінің конференциясы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. «Осы уақытқа дейін ынтымақтастық немесе қауіпсіздік ұйымдарының бір де бірі Ауғанстан мәселесін аттап өткен емес. Әлемдік қоғамдастықтың басын қосқан алқалы жиындар да оны айналып кете алмайды. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Ауғанстан жөніндегі Ыстамбұл үдерісі Сыртқы істер министрлерінің Алматы конференциясында қабылданған шешімдер бұл елге ұзақ күткен бейбіт өмірді оралтуға септесе ме? Халықаралық күштердің миссиясы аяқталуына орай маңызды тарихи кезеңге қадам басқалы тұрған Ауғанстанға енді қандай көмек қажет?», - деп жазады басылым. Мақала «Ауғанстан маңызды тарихи кезеңге қадам басқалы тұр» деген тақырыппен берілген.
Кеше елордада өткен XI Еуразиялық медиа форум өз жұмысын жалғастырды. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Журналист жауапкершілігі» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, алқалы жиынның тақырыбы «Еуразия экономикалық одағының тұжырымдамасы: дағдарыс құшағындағы Еуропалық одақтың тәжірибесі қандай сабақ болады? Кипр синдромы» болды. «Еуропаны елес кезіп жүр. Ол - коммунизм елесі» деп марксизм классигі айтқандай, бүгінде араб дүниесін «төңкеріс лебі» шайқалтса, Еуроодаққа бірігіп, ортақ валюта енгізген кәрі құрлық «дағдарыс елесінен» абдырап отыр. Ал ТМД ішінде әуелі Кеден одағы, одан Еуразиялық экономикалық одақ құрамыз деген Ресей, Қазақстан, Беларусь жұртының да көңілі біртекті емес», - деп жазады басылым.
***
Әлемді аузына қаратқан спортшы Майя Салахарқызы Манезаны жұртқа таныстырып жатудың өзі артық. 1985 жылы 1 қарашада дүниеге келген ол Қазақстан ауыр атлетикасының бас жаттықтырушысы Алексей Нидің шақыруымен Қазақстанға оралысымен, бағы жанып, дүбірлі жарыстарда жұрт жадында жүрер спортшылар қатарына қосылды. Сүйікті де сүйкімді сол қыз - Майя Манеза бүгін қазақтың салт-дәстүрі бойынша күйеуге ұзатылады. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Майя Манеза қазақ салтымен ұзатылады» деген тақырыптағы ақпаратта айтылған.
«Бозбалалардың арасында әскери борышын өтей алмайтындар, сапта тұра алмайтындар бар. Көктемде қатарға шақырылған ер-азаматтардың 20 пайызы денсаулығына байланысты кері қайтарылды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Соқыр солдат кімге керек?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, олардың басым бөлігінің көзі көрмейді, алысты ажырата алмайды. Бұған компьютер, ұялы телефон себеп. Тағы бір тобы - майтабандар. Олар да Отан алдындағы борышын өтей алмайды. Ал 10 пайызы отбасы жағдайына байланысты уақытын кейін шегеріп жатыр.
***
«Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында бүгін «Кеңестің шекпенінен шыққан өнертану саласын тәуелсіздік көзқарас тұрғысынан қайта қарау қажет пе?» деген сауалды талқыға салады. Жазушы Несіпбек Дәутайұлы: «Кеңестік кезеңде қалыптасқан өнертану саласын тәуелсіздік көзқарас тұрғысынан қайта қарау қажет деп ойлаймын. Бірақ бұл сөзімді сол кезеңдегі жазушылардың, ақындардың, ән-күй саласындағы өнер майталмандарының еңбегін жоққа шығару деп түсінбеу керек. Мәселен, кеңестік кезеңдегі жазушыларымызды осы күнгі жазушылардан талантсыз дей алмайсыз. Десек те, олардың көпшілігінің қызыл идеологияға жалтақтағаны рас», - десе, әнші Нұрғали Нүсіпжанов бұл сауалға: «Кеңестік кезеңде қалыптасқан өнертану саласын тәуелсіздік көзқарас тұрғысынан қараймыз деп, 70 жыл бойы тудырған өнерімізге қиянат жасауға болмайды. Өткен ғасырларды алыңыз, болмаса кеңестік кезеңдегі өнерімізге көз жіберіңіз, мұның бәрі бүгінгі тәуелсіздікке жету жолында басып өткен баспалдағымыз. Ол жолдың ыстығына күйіп, суығына тоңдық. Сондықтан да идеология шеңберінде қалған кейбір өнер түрлерін белгілі бір заңдылықтарға сүйене отырып ұрпаққа түсіндіріп беруіміз керек. Болды. «Кеңестік кезеңдегі өнер туындылары бықсыды, біз лапылдап жанып тұрмыз», - деу білімсіздік деп білемін». - деп жауап қайырады.
Сондай-ақ осы басылымның алғашқы бетіндегі «Қорқыт атаның мұрны бұзылып, Онегиннің қолы сынды» деген мақалада Қызылжар қаласындағы ескерткіштердің сапасы мен сорақылығы жайы қозғалып, жалпы еліміздегі тарихи нысандарға қатысты көзқарасты өзгерту қажеттігі турасындағы жан-айқай білдіріледі. «Соңғы жылдары әкімдіктегілер қаланы әрлендіру үшін үлкен ескерткіштер жасап шығындалмай-ақ, адам бойынан сәл асатын шағын мүсіндер қоюды ұйғарған болатын. Бұл шешім бір жағынан орынды көрінгенімен, сапаға келгенде сан соғып қалып жүр. Жыл сайын жөндеу жүргізу керек. Мысалы биылғы қыстан қаладағы көптеген мүсіндер қаусап, қалтырап әрең шықты. Халыққа қызмет көрсету орталығы жанындағы Пушкин атындағы шағын бақтағы Татьяна мен Онегиннің мүсіндері құлаудың сәл алдында. Онегиннің сол қолының жартысы жоқ, ал оң қолы бір тал темірге ілініп қана тұр. Ал қазақтың аты аңызға айналған қобызшысы Қорқыт атаның мұрыны түсіп қалыпты», - дейді мақала авторы.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Уильям Бёрнспен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында Америка Құрама Штаттарымен арадағы көп жоспарлы стратегиялық серіктестік аясын кеңейтудің және оны арттырудың негізгі қырлары қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев Бостон қаласында болған террорлық актіге байланысты тағы да көңіл айтты. Өз кезегінде У.Бёрнс Мемлекет басшысына АҚШ Президенті Барак Обаманың сәлемін жеткізді. Тараптар екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға көңіл бөлді.