Қорлар зейнетақы қаражатын тиімді басқара алмады - Үкімет басшысы
АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Бірыңғай зейнетақы қорын құру - жекеменшік қорларда туындаған мәселелерді шешуге бағытталған шара.
Бұл туралы бүгін «Хабар» телеарнасындағы «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында Үкімет басшысы Серік Ахметов мәлім етті.
«Зейнетақы жүйесін жетілдірудің қажеттілігі туындап отыр деген шешімге келдік. Бұл әрине, өте маңызды әрі күрделі мәселе. Сондықтан Бірыңғай зейнетақы қорын құру - жекеменшік қорларда туындаған мәселелерді шешуге бағытталған шара деп түсінген жөн. Біріншіден, аталған қорлар халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен толық түрде қамти алмады. Нақты айтар болсақ, бүгінде жұмыс істеп жүрген 8 млн. 400 мың адамның жартысынан астамы қазіргі зейнетақы жүйесіне қатыспай отыр. Өкінішке орай, қорлар бұл азаматтарға көңіл бөлмей, тек бір-бірінің салымшыларын ауыстырып алумен ғана айналысуда. Бұл әрине, қорларға тиімді, ал бұдан азаматтарға, яғни халыққа, мемлекетке қандай пайда. Мәселенің мәнісі осында»,-деді С. Ахметов.
Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, екіншіден қорлар зейнетақы қаражатын тиімді басқара алмады. Бұл табыстың төмендеуіне алып келді.
«Үшіншіден, бүгінгі қорларда комиссиялық алымдар мөлшері өте жоғары. Ал жауапкершілік төмен деңгейде. Осы жағдай әр азаматтың салымдық жинағын 26 пайызға дейін қысқартады. Демек, қорлар бүкіл қаражаттың төрттен бірін өздеріне алып қалады. Бұл дұрыс емес»,-деп атап өтті Үкімет басшысы.
«Қордың жұмысындағы осындай кемшіліктерді ескере отырып, бірыңғай қор құру туралы ұсыныс туындады»,-деп түйді С. Ахметов.