Көрмелер, поэзия кеші: Елордада Абай күні қалай аталып өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 10 тамызда қазақтың бас ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының 176 жылдығы атап өтіледі. Елордада бұл бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде ақынға арналған «Абай дара, Абай дана қазақта» атты дәріс өтеді.

Сәкен Сейфуллин музейінде «Абай әлемі» атты поэзия кеші ұйымдастырылады. Кеш барысында зерттеушілермен, абайтанушылармен кездесу өтіп, ақынның шығармалары мен өлеңдері оқылады.

Орталық қалалық кітапханада сағат 11:00-де басталатын «Абай дана, Абай дара қазақта» атты поэзия сағатында ақын шығармашылығымен толығырақ танысуға болады. Осында сағат 12:00-де «Абай – ұлы тұлға» тақырыбында тағы бір іс-шара өтеді. Онда елорда тұрғындары көрнекті ағартушының ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін бағалауға, оның патриот, азамат және ақын ретіндегі тұлғасының маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік алады.

Сағат 12:00-де №2 қалалық кітапханада Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасына арналған әдеби сағат өтеді.

Ұлы ақынның қалыптасуы туралы тыңдап қана қоймай, өмірі туралы әдеби композицияны Қуыршақ театрында тамашалауға болады. Мұнда сағат 16:00-де К.Ежембектің «Жарық сәуле» қойылымы сахналанады.

Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары мен туыстары» көрмесін тамашалай алады. Көрмеде Абайдың туыстары мен ұрпақтарының фотосуреттері көрсетіледі.

Ал Орталық кітапхана «Аққүға үнін қосқан – кемел дарын» атты көрмелер циклін бастайды. Көрмеде Абайдың ғана емес, халқымыздың өзге де жазушылары мен ақындарының шығармашылығымен танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар
telegram