Корнавирустан кейінгі иммунитет қысқа мерзімді болады - Айжан Есмағамбетова
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясы қайтадан жұғуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрбір жағдай бойынша тыңғылықты тексеру жүргізіледі, яғни індет қашан жұққаны, ауруға шалдығудың әр жағдайы арасында қанша уақыт өткені қаралады. Осы орайда әлем елдерінде індетті қайта жұқтыру оқиғалары тіркеліп жатқанын түсіну керек. Бұл өз кезегінде ауруды еңсергеннен кейінгі иммунитет ұзақ емес, қысқа мерзімді екені тағы да расталып отыр», - деді комитет басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, халықаралық зерттеулерге сәйкес, аурудан емделгеннен кейінгі иммунитет 1-ден 3 айға дейін сақталады.
«Індетті қайта жұқтыру мүмкіндігі бар екенін білеміз. Аурудан емделген адамдар барлық алдын алу шараларын сақтау керектігін есте сақтағаны дұрыс», - деді А. Есмағамбетова.
Бұдан бұрын хабарланғандай , ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусты қайта жұқтыру дерегі Қарағанды облысында тіркелгенін айтты. Ал Батыс Қазақстан облысындағы жағдай расталмады.