Көрнекі ақпараттық карта туралы мәлімет
ТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында,
«Нұр Отан» ХДП-ның 13-ші съезінде, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде, сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік салалардың дамуына бағытталған, серпінді дамуына мүмкіндік беретін бірқатар міндеттерді жүктеген болатын. Міне, соған байланысты, Экономикалық даму және сауда министрлігі Елбасының тапсырмаларын іске асырудың Көрнекі ақпараттық картасын дайындады. Ол жөнінде осы жылдың мамыр айында аталған ведомствоның басшысы Қайрат Келімбетов Үкіметте арнайы баяндама жасаған еді. Картада дамудың жеті негізгі бағыты қамтылған және карта экономиканы әртараптандыруды жеделдетуге, дағдарыстан кейінгі дамуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, болашаққа инвестиция салуға, азаматтаға арналған қызметтер көрсетуге, мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға, халықаралық қатынастар мен ықпалдасуға бағытталған.
Мемлекет басшысы Ішкі жалпы өнімінің жыл сайынғы нақты өсуін кемінде 7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету міндетін қойғаны белгілі, бұл өз кезегінде Қазақстанды таяудағы бес жылда кірісі жоғары елдердің тобына кіруге мүмкіндік беретін болады.
Осы орайда қаржылық сектор бағытында бірінші болып «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына кіретін ұлттық компаниялардың акцияларын халық арасына таратуды болжайтын «Халықтық IPO» бағдарламасы дайындалып, шағын кредиттеу құралдарына қол жеткізуді кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Экономиканың бәсекелестігін жоғарлату үшін экономиканы әртараптандыру бойынша жоспарлар жедел іске асырылмақ. Қазақстанда тұңғыш рет Ұлттық геологиялық барлау компаниясы құрылатын болады, Үкіметке Атом энергиясы агенттігін құру жөнінде ұсыныс енгізілді, сондай-ақ энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын әзірлеу, сонымен қатар 2014 жылға дейін 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны іске асыру, оның ішінде ағымдағы жылы кемінде 192 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Еліміздің транзиттік әлеуеттін дамыту мақсатында Қазақстанды өңірдегі сауда-саттық, логистикалық, іскер хабқа айналдыру үшін Үкіметтің іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Адами ресурстар сапасын арттыруға бағытталған шараларды қабылдау, нақтырақ айтқанда орта білім беретін мекемелердегі оқу сапасын орталықтандыру және бақылауды күшейту, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғандарды еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, біліктілігі жоғары еңбек ресурстары үшін ашық миграция қағидатын енгізу Экономикалық даму және сауда министрлігі жұмысының негізі бағыттарының бірі болып табылады.
Ресеймен және Беларуспен бірлесіп Кеден одағы дамытылмақ және таяу жылдары Еуразиялық экономикалық одағы құрылатын болады. Әр бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары жауапты болып белгіленген. Сондай-ақ әр бағыт бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары қарастырылған және министрліктер мен ведомстволардың жауаптылары айқындалған, тапсырмалардың нақты орындалу мерзімі және нақты нәтижелер көрсетілген. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысын тексеріп, қорытындысын бағалауға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда Картаны енгізу жұмысты нақты нәтижелерге қол жеткізуге жұмылдыратын болады, бұл сөз жоқ еліміздің әл-ауқатының тұрақты және орнықты өсуіне әкеледі.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасын дамуының Көрнекі ақпараттық картасы мамыр айының соңында Үкіметте бекітілді. 2011 жылғы 17 мамырда Үкімет отырысында ұсынылған бұл Карта мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, қайта пысықталған еді. Бүгінде Карта Үкіметтің және министрліктердің сайттарында орналастырылылған. Елдің даму барысы, қай ведомствоның қандай шаруына атқаратыны туралы ақпарат алғысы кез-келген азамат Ақпараттық картаны зерделеп, Үкіметтің жақын кезеңдегі жұмысының қандай екенін біліп отыруға мүмкіндік алып отыр.
Ақпараттық карта бірнеше бөлімдерге бөлінген. Мәселен, индустрияландыру бөлімінде «Қорғас» және «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймақтарын одан әрі дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдау бойынша жауапты орындаушы болып Көлік және коммуникация министрлігі анықталды. Бұған дейін бұл бөлім Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қармағында еді.
Инновация бөлімінде қаржылық және салықтық ынталандыру мәселелерін, сондай-ақ, венчурлік қаржыландыруды дамыту мәселелерін қоса алғанда, инновацияны қолдауға байланысты шаруалар кешені бойынша ұсыныстар енгізу Экономикалық даму және сауда министрлігінің жауапкершілігіне өтті.
Қазақстанның ғылымы мен технологиясы жетістіктерінің көрме кешенін құруға және А.В. Борисенко жүйесі бойынша технологиялық газдарды тазарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға қатысты тапсырмаларға Білім және ғылым министрлігі жауапты болады
Еңбек ресурстары бөлімінде біліктілігі жоғары еңбек ресурстары үшін ашық көші-қон қағидаттарын енгізу жөнінде шаралар кешенін қабылдауға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен визасыз режимге көшу мен инвесторлар үшін виза беру рәсімін оңайлату мәселелері бойынша Сыртқы істер министрлігі жауапты болады.
Министр Қайрат Келімбетовтың айтуынша, картаны енгізу арқылы нақты нәтижеге қол жеткізетін шаруаларға назар аударылады, ал бұл өз кезегінде, еліміздің әл-ауқатының тұрақты және орнықты өсуіне ықпал етеді.