16:38, 15 Мамыр 2019 | GMT +5
Көрнекті ақын Есенғали Раушанов ТМД сыйлығын алды
АШҒАБАТ. ҚазАқпарат - Танымал ақын Есенғали Раушанов ТМД сыйлығын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Жазушылар одағына сілтеме жасап.
«Түрікменстан астанасы Ашғабат қаласында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының XIV форумы аясында көрнекті ақын, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының «Достастық жұлдыздары» («Звезды Содружества») мемлекетаралық сыйлығымен марапатталды», делінген хабарламада.
Сыйлық құрылтайшысы, ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының арнайы мәлімдеуінше, аталған сыйлықтың табыс етілуі Е.Раушановтың мәдениет және өнер саласындағы жасампаз еңбегі мен жетістіктерін ТМД елдерінің жоғары бағалайтынын көрсетеді.