Көрнекті ғалым Р.Нұрғали атындағы дәрісхана ашылады - ЕҰУ-дың ректоры Б.Әбдірайым

АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Рымғали Нұрғалидың туғанына 70 жыл толуына арналған «Рымғали Нұрғали мұрасы және қазіргі әдебиет пен тіл ғылымының көкейкесті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияны ашқан университет ректоры Бақытжан Әбдірайым ғалымның Еуразия ұлттық университетінде атқарған ерен еңбегін ерекше атап өтіп, оның шығармашылық мұрасын ұлықтап, кеңінен насихаттау жолында қолға алынып жатқан игі шараларға тоқталды. «Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Рымғали Нұрғали еліміздің білім мен ғылымына өлшеусіз үлес қосты. Оның жетекшілігімен көптеген кандидаттар мен докторлар ғылым әлеміне жолдама алды. Алдағы уақытта біз Еуразия ұлттық университетінде Рымғали Нұрғали атындағы дәрісхананы ашуды жоспарлап отырмыз. Дәрісхананы ашу салтанаты қыркүйек айында өтетін Тіл мерекесіне орай ұйымдастырылады», - деді Б.Әбдірайым.

Конференция жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, шетелдік ғалымдар қатысуда. Іс-шара аясында Р.Нұрғалидің кітап және сурет көрмесі ашылды.

Рымғали Нұрғали 1940 жылы маусымның 1-і күні Семей облысының Абай ауданындағы Қайнар ауылында дүниеге келді. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы (бұрынғы С.М.Киров атындағы) Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. «Мұхтар Әуезовтің трагедиялары» тақырыбына кандидаттық диссертация, одан кейін «Қазақ драматургиясының жанрлық проблемалары» тақырыбына докторлық диссертация қорғаған. Ол - зерттеуші, сыншы, жазушы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Жазушының "Талант тағдыры", " Күретамыр", "Қазақ драматургиясы", "Өнердің эстетикалық нысанасы", т.б. зерттеу еңбектері, " Дән", "Ай қанатты арғымақ" прозалық кітаптары жарық көрді. Р.Нұрғали абайтану мәселелерімен айналысып, ғылыми еңбектер жариялады. "Трагедия табиғаты", " Өнер алды қызыл тіл", «Сырлы сөз», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «М.Әуезов және Алаш», «Сөз өнерінің эстетикасы», «Алашордашылар» және тағы басқа көптеген монографиялық еңбектерінде Абай мен Әуезов шығармашылық мұраттарын, тіл, ұйқас, сөз ерекшеліктерін салыстыра қарастырды. "Айдын", "Телағыс", "Қазақ революциялық поэзиясы" атты әдеби трилогиясы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ Р. Нұрғали Жоғары мектептің үздік қызметкері (1984), Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (1995), Ш.Айтматов атындағы халықаралық академияның академигі (2003), ғылым саласы бойынша берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері (2003), Білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері (2004), «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2006), А.Байтұрсынов сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің, М.Шолохов атындағы және басқа да медалдардың иегері.

Соңғы жаңалықтар