Көрнекті қаламгер Қажығұмар Шабданұлы «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» атағымен марапатталды
АЛМАТЫ. 9 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда "Алтын қалам" байқауы марапаттау рәсімінде Шыңжандағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті қаламгер Қажығұмар Шабданұлы «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» деген атақпен марапатталды.
"Бұл Қажығұмар Шабданұлының туған жерінде алған алғашқы әдеби сыйлығы және осы сыйлықты біз ұйымдастырғанымызды мәртебе әрі мақтаныш санаймыз", -деді «Алтын қалам» әдеби жүлдесі ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Кенже Жұманұлы.
Қазақтың арда азаматы, талантты қаламгер, бүкіл ғұмыры азаттық үшін күреспен өткен Қажығұмар Шабданұлы саяси қылмыскер деп айыпталып, Қытай түрмелерінде 40 жылдай отырған, «Қылмыс» атты 6 томдық кітапты абақтыда жазып шыққан, Қытай өкіметі тарапынан саяси себептерге байланысты қудаланған. Қазір сексеннің сеңгіріндегі қазақ қаламгері Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде, Шәуешек қаласында тұрып жатыр.
Көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының жасы биыл сексеннің бесеуінде. Ол 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданына қарасты Таңсық ауылында дүниеге келген. Қаршадайынан тағдырдың тәлкегіне түсіп, маңдайына жазылған талай қиындықтарды мойымай көтеріп, жеңе білген Қажығұмар ағаның өмірі ешкімге ұқсамайды. Жеті жасында, сол кезде Қазақстанды басқарған Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығына ұшыраған жұртпен бірге 1932 жылы шекара асып, Қытай жеріне өтеді. Ол жақта Шәуешек қаласында тұрақтап, үзбей оқу, үйрену нәтижесінде шығармашылық жолға түседі. Елуінші жылдардың соңына қарай Қытайда басталған Мәдени революция науқаны бүкіл Қытай халқына, әсіресе Шыңжаң қазақтарына өте ауыр тигені белгілі. Оның арты көтеріліске ұласты. Осы науқан кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, қайғы құшқан қазақтардың ауыр тағдырын Қажығұмар Шабданұлы өз басынан өткерді. Саяси тұтқын ретінде сотталып, Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінде табаны күректей жиырма жыл жатады. Одан шыққаннан кейін Кеңестер Одағының тыңшысы деген жаламен Үрімшінің түрмесінде тағы он бес жылын өткізген. Осылайша Қажықұмар аға өмірінің жартысын саяси қылмыскер ретінде қытай түрмелерінде өткізді. Саналы ғұмырын ата жұрттан жырақта, бөтен елдің қапасында өткізген Қажығұмар Шабданұлының өмір бойғы арманы Қазақ еліне жетіп, кеудесін кере бір тыныстау екен. Ақсақал сол арманына бүгінгі күнге дейін жете алмай келеді.