Көрнекті тіл маманы Ахмеди Ысқақовтың туғанына 100 жыл толды

АЛМАТЫ. 19 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Көрнекті тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА корреспондент мүшесі Ахмеди Ысқақовтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Қазіргі қазақ грамматикасы мен терминологиясын зерттеудің негізгі бағыттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Көрнекті тіл маманы Ахмеди Ысқақовтың туғанына 100 жыл толды

«Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ахмеди Ысқақұлы қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-да, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында, Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары институында 60 жылға жуық жемісті еңбек етті. Осы аралықта оның тіл проблемалары төңірегінде қалам тартпаған мәселесі жоқ: орта мектеп пен жоғары оқу орорындарына арнап оқулықтар, екі жүзден астам ғылыми мақала, монографиялық еңбектер, нұсқаулық, әдістемелік мен типтік оқу бағдарламасын жазды. Қазақ тілінің лексикографикалық, графикалық, пунктуациялық, орфографикалық, терминологиялық жүйелерін қалыптастыруға көп жылдар ат салысты. Оның 20 жылға жуық жазған «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» атты оқу құралы қазақ грамматикасы туралы бас кітапқа айналды. «Абай тілінің сөздігі» мен он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» еңбектерінің басында Ахмет Ысқақұлы тұрды. Қазақ тілі ғылымы саласында ең бір жұлдызы биік жан болса ол - Ахмет Ысқақұлы»,- дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Ербол Жанпейісов.

Шараға Ахмеди Ысқақовтың шәкірттері, ізбасар-әріптестері академиктер Ә.Қайдар, Р.Сыздық, филология ғылымдарының докторлары Р.Әмір, Т.Жанұзақ, Н.Оралбай, С.Бизақов, Б.Қалиев, Ж.Манкева, С.Кенжебаев қатысып, сөз сөйледі, естеліктер айтты. Шараға ҚР Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссияның мүшелері К.Юсуп, Ж.Бейсенбайұлы, М.Ахмет, профессорлар Б.Әбілқасымов, Ж.Әбуов, А.Жұбанов, Ә.Жүнісбек қатысып, қазіргі қазақ тілі, терминология саласы туралы пікір алмасты. Конференция қорытындысы бойынша материалдар арнайы жинақ болып басылып шығады.