Коронарлық артерияны емдеудің заманауи әдісі: Қазақстан мен Румыния мамандары тәжірибе алмасты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Румыниядан келген жетекші интервенциялық кардиолог және радиолог Marin Postu қатысуымен ротациялық коронарлық атерэктомия (ротаблация) бойынша шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі мәлім еткендей, шеберлік сағатына Алматы қаласы мен еліміздің өңірлерінің рентгенхирургтері жиналды.
«Ротациялық коронарлық атерэктомия – жоғары жылдамдықты гауһар бүріккіш айналмалы бұрғы арқылы коронарлық артерияның стенозды зақымдануын жоюдың заманауи әдісі. Ротаблатор атеросклеротикалық кальциленген түйіншектері бар артериялардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған», - деп атап өтті дәрігерлер.
Кардиологтердің айтуынша, операция кезінде дәрігерлер жүректің «қатайған» тамырларын бұрғылайды, олар құбыр тәрізді кальциленген әкпен жабылған. Ротаблациясыз стентті толығымен ашу, тамырдың толық ашылуын және қан ағымын қалпына келтіру мүмкін емес.
Ротаблация – қатты және кальциленген атеросклеротикалық түйіншектерді емдеудің тиімді революциялық әдісі. Бірақ, процедура күрделі асқынуларға толы болғандықтан, оны сараптамалық деңгейдегі клиникаларда жоғары білікті тәжірибелі дәрігер жасау керек.
«Шеберлік сағаты аясында 2 күн ішінде жүректің ишемиялық ауруы, коронарлық артерияның созылмалы окклюзиясы, кальциленген зақымдануы бар 50-73 жас аралығындағы пациенттерге бірнеше операция жасалады», -дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Айтуынша, медицина бір орында тұрмайды. Сондықтан, институт қызметкерлері жетекші шетелдік медициналық орталықтарға барып тәжірбие алмасады.
«Бұл – арнайы техникалар мен материалдарды қолданатын өте күрделі операция. Барлық операциялар сәтті аяқталды. Мен мұнда үйретушімін деп айта алмаймын, біз тәжірибе алмастық. Осы салада 10 жыл жұмыс істеймін. Жаңашылдық – ең заманауи материалдарды пайдаландық. Негізінде, мұндағы дәрігерлер мұны қалай жасау керектігін біледі, бірақ бұған дейін оларды іс жүзінде қолданбаған», - дейді румыниялық маман.
Рентгендоваскулярлық оперблок меңгерушісі Алексей Колесниковтың сөзінше, ротаблация коронарлық артерияның кальциленген стенозымен науқастарды эндоваскулярлық емдеудің балама әдісі бола алады. Бұл пациент үшін барлық қауіптер мен қолайсыздықтарға толы көлемді ашық операциядан сақтайды.
Тері арқылы коронарлық интервенцияларда ротациялық атерэктомияны қолдану асқынулардың даму қаупін азайтуға, коронарлық артерияның кальциленген стенозымен науқастардың өмірін сақтауға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, пациенттердің емдеуге жату ұзақтығын қысқартады.