Коронавирус: Алматыда бірінші эшелонда дайындалған төсек-орынның 80 пайызы толды
30 наурыз күні Алматыда коронавирус инфекциясының 526 жаңа жағдайы тіркелген, оның 425-і - симптомдық белгілері бар және 101-і - симптомсыз.
Бір тәулік ішінде – 306 науқас қабылданса, стационардан 209 науқас шығарылған.
Светлана Сұлтанғазиеваның айтуынша, Алматыда қазір 5 мыңнан астам инфекциялық төсек-орын ұйымдастырылған. Оның барлығы 3 эшелонға бөлінген.
«Қазіргі уақытта инфекциялық ауруханаларда коронавируспен 2 793 адам жатыр. Оның ішінде 109-ы бала, аса ауыр жағдайдағы науқастар – 46. Бірінші эшелон бойынша жасақталған төсек-орынның 80 пайызы толған, ол 5 стационарда орналасқан. Екінші эшелон бойынша 2400 төсек-орын 15 медициналық ұйымда жасақталды, қазір оның 43 пайызы толған. Үшінші эшелон бойынша 8 медициналық ұйымда төсек-орын ұйымдастырылды және оның 14 пайызы толды», - дейді ол.
Жалпы реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінде – 125 науқас бар, ондағы бос төсек-орын саны – 295.
Оған қоса «Халық Арена» спорт кешенінде 1000 орын жасақталған , қазір онда 18 науқас жатыр.