Коронавирус: Алматыда инфекциялық орындар резерві жасақталуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев COVID-19 госпитальдеріне айналған нысандардың дайындығын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін №4 қалалық перзентхананың жаңа корпусын қарап шықтым. Мұнда COVID-19-бен ауырғандар үшін қосымша 50 төсек-орын ашылады. Коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдерге арналған госпитальды дайындау бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір хирургиялық, реанимациялық жабдықтарды, өкпені жасанды желдету аппараттарын қосу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп аптаның соңына қарай бұл жер КВИ-мен босанатын әйелдерді қабылдауға дайын болады.

Осылайша ковидті стационар ретінде жұмыс істейтін перзентхананың қуаты 105 төсек-орынға жеткізіледі. Уақытылы көрсетілген жоғары білікті медициналық көмектің арқасында аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығы мен өміріне қауіп төмендейді», - деді Алматы әкімі желідегі парақшасында .
Сонымен қатар, Алматы әкімі арнайы медициналық әлеуметтік қызметтер орталығының құрылысымен де танысты. Бұл ғимарат COVID-19-ға қарсы күрес аясында

орын қорын тұрақтандыру мақсатында бірінші эшелондағы инфекциялық стационар болмақ. Мұнда 500 адам емделетін болады.
Әкімнің айтуынша, ғимарат 1 айдан соң пайдалануға беріледі.
Айта кету керек, Алматыда барлық денсаулық сақтау нысандары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра коронавирус госпитальдеріне ауысып жатыр.



