Коронавирус: Алматыда вакцинаны қай жерде салдыруға болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы және коронавирусқа қарсы вакцинаны қай жерден алуға болатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус: Алматыда вакцинаны қай жерде салдыруға болады

Бүгін таңертеңгі ақпарат бойынша, қалада 715 адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Мұның ішінде 630-і симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен, 85-і симптомсыз ауырған.

Қазір 6 100 төсек-орны іске қосылған. 3530 науқас ем қабылдап жатыр. 2 570 төсек-орын бос.

1-9 cәуір аралығындағы кезеңде 57 810 адам вакциналанды. Олардың 13 857-сі вакцинаның екі компонентін алды. Өткен тәулікте 8 650 алматылыққа екпе егілді.

Вакциналанғандардың ішінде: 11 009 медицина қызметкері, 8 876 педагог, құқық қорғау құрылымдарының 6199 қызметкері, созылмалы аурулары бар және Алматы тұрғындарының өзге де санаттарынан 6 470 адам бар.

«Егу пунктерінде ҚР ДСМ белгілеген нысаналы (мақсатты) топтарды, қарт азаматтар мен созылмалы аурулары бар адамдарды вакциналау жалғасуда»,- деп атап өтті басқармадағылар.

Алматы қаласы бойынша вакцинация барлық емханаларда, сонымен қатар, базарлар, қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында жүргізілуде.

Жетісу ауданы: «Адем» сауда үйі 1-қабат, «Алтын Тараз» сауда үйі және «Кемел» мәдениет үйі.

Алатау ауданы: «Ақбұлақ», «Кенжехан», «Өжет» базарлары мен «БақОрда» СОСО.

Түрксіб ауданы: «Түрксіб» және «Жетісу» базарларындағы егу пунктері, Оқушылар үйі -6, Оқушылар сарайы-7, «ТЖА» АҚ.

Алмалы ауданы: «Мега парк»

Әуезов ауданы: «Азия парк», «Гранд парк», «Алматы Молл», «Спутник», «Москва».