Коронавирус: Атырауда 98 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронавирус инфекциясымен ауырып, жағдайы нашарлаған 98 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның ішінде 11 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өткен тәулікте 310 адам қауіпті вирусты жұқтырған. Атырау қаласында 187, ал Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында 60 науқас тіркелген. Өзге науқастар 6 ауданда анықталған.

«Қазір үй жағдайында емделу үшін 8 614 адам ем қабылдауда. Өңірдегі 3 012 орындық

инфекциялық стационарларда 1 674 науқас емделіп жатыр. Стационарлардағы жүктеме

55,6%-ды құрады. Ал, стационарлардың 114 төсек-орны бар жансақтау бөлімінде жағдайы

ауыр 98 науқас оқшауланды. Оның ішінде 11 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл бөлімдегі жүктеме 86,8%-ға жетті», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, 21-22 тамызда 2 553 атыраулық коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың I компонентін салдырған. Осылайша, биылғы 1 ақпаннан бері 178 462 адам вакциналардың I компонентін ектірген. Вакциналардың II компонентін салдырғандардың саны 128 644 адамды құрап отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір аптада Vero Cell вакцинасын 1,7 мың адам

салдырғаны хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар