Коронавирус белгілері байқалса да дәрігерге қаралмай жүре беретіндер бар - дәрігер

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасының бас дәрігері Айбек Қарсақбаев азаматтарды карантин шектеулерін қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус белгілері байқалса да дәрігерге қаралмай жүре беретіндер бар - дәрігер

«Коронавирус пандемиясының басталғанына бірнеше жыл өтті. Алайда қауіпті дерт әлі күнге дейін айылын жиған жоқ. Күн сайын инфекция жұқтырып жатқандар кездеседі. Оның ішінде ауруханада ауыр жағдайда жатқандар да бар. Бұған себеп – тұрғындардың айтылған кеңестерге құлақ аспай, карантин шектеулерін сақтамауы», - деді Айбек Қарсақбаев.

Оның айтуынша, кейбір жандар ауру белгілері байқалса да дәрігерге қаралмай жүре береді.

«Ондай жағдайда медицина қызметкерлеріне бірден жүгіну керек. Ем-домды уақтылы алсаңыз дертті жеңіл өткересіз. Ал коронавирусты түбегейлі жеңудің жалғыз жолы – вакцина. Бүгінгі таңда Шар қаласы бойынша 10 996 адам екпенің бірінші компонентін салдырған. Ал 10 991 азамат вакцинаның екі компонентін де алды. Сондай-ақ 2895 адам коронавирусқа қарсы ревакцинациялаудан өтті», - деді бас дәрігер.

Өз сөзінде ол жұртшылыққа вакцина салдырып, шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырды.