Коронавирус: Бразилия әлемде екінші орында тұр, Италия үйден шығуға тыйым салды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға шолу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бразилия коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша әлемде екінші орынға шықты.
Сондай-ақ, мұнда күнделікті КВИ өлімінің жаңа рекорды орнады: бір күнде 2300-ге жуық адам қайтыс болды.
Covid-19 таралуын тоқтату мақсатында билік ресейлік «Спутник V» вакцинасын сатып алуға келісімшарт жасасты.
Аталған вакцинаның 10 миллион дозасы AstraZeneca және Sinovac компанияларының препаратымен бірге қосымша сәуір айынан бастап елге үш кезеңмен жеткізілмек.
Түркия туристік сала қызметкерлерін вакциналау бағдарламасын жүзеге асыруа бастады.
«Біз вакцинация жүргізу үшін туристік сектор қызметкерлерін тіркеуді бастадық» деп хабарлады елдің Мәдениет және туризм министрлігі.
Аталған іс-шара «Қауіпсіз туризм» бағдарламасы аясында өтуде.
Италияның тоғыз аймағы 15 наурыздан бастап максималды шектеу шараларын қамтитын «қызыл аймаққа» ауысты. Ал қалған өңірлері «қызғылт сары» аймақта қалады.
Елде тәулігіне Сovid-19-дың 27 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталып жатыр.
«Қызыл аймақта» орналасқан өңірлерде үйден себепсіз шығуға тыйым салынған, азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа барлық сауда нысандары жабық.
«Қызғылт сары аймақ» тұрғындарына жұмысқа немесе дәрігерлерге барудан басқа, елдімекеннен шығуға тыйым салынған.