Коронавирус: ДДҰ пандемияны тоқтата алатын үш факторды атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ДДҰ-ның мәліметі бойынша, қазіргі уақытта әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 388 миллионнан асқан, ал індеттен қайтыс болғандар 6 миллионға жуықтаған. Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай және вакциналау шаралары туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Коронавирус: ДДҰ пандемияны тоқтата алатын үш факторды атады

Коронавирус жұқтырғандар саны 19 миллионнан асқан мемлекеттер қатарына АҚШ, Үндістан және Бразилия кіреді.Соның ішінде, АҚШ вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бойынша көш бастап тұр.

Бұл елде қазіргі таңда індет жұқтырғандар саны 76 миллионға жуықтаса, қайтыс болғандар саны 897 мыңға жеткен.

Індет жұқтырғандар саны бойынша екінші орында Үндістан мемлекеті тұр. Бұл елде COVID-19 анықталған жағдайлар саны 42 миллионға жуықтаған, ал вирус жұқтыру салдарынан қайтыс болғандар саны 500 мыңнан асқан.

COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша Бразилия үшінші орында, бұл елде 26 107 894 адам вирус жұқтырған, оның ішінде 630 мың адам дүниеден өткен.

Бүгінгі күнгі жағдай бойынша, Францияда COVID-19 вирусын жұқтырудың 20 147 341 жағдайы тіркелген. Бұл жалпы жұқтырғандардың 5,18%-ын құрайды.

Өкінішке қарай, бүгінде Франция елінде 131 852 адам қайтыс болды, өлім-жітім 0.65%-ды құрайды. Франция бүкіл әлемде жұқтырған адамдар саны бойынша 4-орында.

Бүгінгі таңда Францияда төтенше жағдай режимі енгізілді және Үкімет коронавирустың жаңа түрінің таралуын болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Пандемияны тоқтатуға мүмкіндік беретін факторлар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының директоры доктор Ханс Клюд Еуропа аймағында соңғы аптада ковид инфекциясының 12 миллион жаңа жағдайы тіркелгенін айтты.

Ханс Клюдің мәлімдеуінше, Еуропа елдерінде COVID-19 коронавирусының таралуын бақылауға алуға және тіпті пандемияны тоқтатуға ерекше мүмкіндік бар. Оның айтуынша, Еуропада коронавирустан қайтыс болғандар саны азайған.

Сондай-ақ, үш факторға байланысты пандемияны тоқтату мүмкіндігі бар. Олар халықты вакциналаудың жоғары деңгейі және бұрын ауырған адамдардың көптігі, вирустың жылы мезгілде азырақ таралу бейімділігі және омикрон штамының ауыр ауру тудырмауы.

Ұлыбритания елінде коронавиру жұқтырудың 17 607 832 жағдайы тіркелді. Бұл жалпы жұқтырғандардың 4,53%-ын құрайды. Өкінішке қарай, бүгінде Ұлыбритания елінде 157 730 адам қайтыс болды, өлім-жітім 0.90%-ды құрайды. Ұлыбритания бүкіл әлемде вирус жұқтырған адамдар саны бойынша 5-ші орында.

Ресейде вирус жұқтырудың 12 284 564 жағдайы тіркелді. Бұл жалпы жұқтырғандардың 3,16%-ын құрайды. Бүгінде Ресейде 333 357 адам қайтыс болды, өлім-жітім 2.71%-ды құрайды. 10 390 732 адам вирустан толық емделді. Ресей бүкіл әлемде жұқтырған адамдар саны бойынша 6-шы орында.

Түркияда коронавирус жұқтырғандар 11 940 695 адамға жеткен бар. Олардың 11 173 406-ы сауығып, 88 064-і қайтыс болды. Бұл жалпы жұқтырғандардың 3,07%-ды құрайды. Өкінішке қарай, бүгінде Түркияда 88 064 адам қайтыс болды, өлім-жітім 0.74%-ды құрайды.

11 173 406 адам вирустан толық емделді, қалпына келтіру 93.57%-ды құрайды. Түркия бүкіл әлемде вирус жұқтырған адамдар саны бойынша 7-ші орында.

Италияда коронавирус жұқтырған адамдар саны 348 701 жетті. Бұл жұқтырғандардың жалпы санының 2,92%-ын құрайды. Бүгінде Италияда 147 734 адам қайтыс болды, өлім-жітім 1.30%-ды құрайды. 8 872 737 адам вирустан толық емделді, Италия бүкіл әлемде жұқтырған адамдар саны бойынша 8-ші орында орналасқан.

Германияда коронавирус жұқтырудың 10 543 318 жағдайы тіркелді. Бұл жалпы жұқтырғандардың 2,71%-ын құрайды. Германияда осы уақытқа дейін 119 069 адам қайтыс болды, өлім-жітім 1.13%-ды құрайды. Ал, 7 953 200 адам вирустан толық емделді, қалпына келтіру 75.43%-ды құрайды. Германия бүкіл әлемде вирус жұқтырған адамдар саны бойынша 9-шы орында.

Әлем елдерінде вакциналау қалай жүріп жатыр

«Our world in data» зерттеу ұйымының дерегінше, бүгінде әлем халқының 61,2%-ы COVID-19 вакцинасының кем дегенде бір дозасын алған. Ал, дүниежүзі бойынша 10 миллиард доза қолданылған.

Қазіргі таңда күніне 20,72 миллион доза егіледі. Табысы төмен елдердегі адамдардың тек 10 %-ы ғана кем дегенде бір дозаны қабылдаған.

Төмендегі диаграммада әлем бойынша вакцинаның тек бірінші дозасын алғандар мен толықтай вакцинацияланған мемлекеттердің деректері пайызбен көрсетілген.

Диаграмма бойынша, әлем бойынша толықтай вакцина алған елдердің тізімі көрсетілген. Олардың үштігінде Араб Әмірлігі, Португалия және Куба мемлекеттері бар.

Араб әмірлігінде халықтың 99%-ы вакцинаның алғашқы дозасын алған болса, Португалияда- 94%-ы, Кубада халықтың 93%-ына бірінші дозасы егілген. Ал, халқының ең аз бөлігі вакцина алған елдер қатарында Египет, Эфиопия және Нигерия елдері тұр.


Сондай-ақ, жоғарыдағы кестеге COVID-19 қарсы күнділікті вакцинасының егілетін дозасы көрсетілген. Олардың үштігінде Үндістан, АҚШ және Бразилия мемлекеттері орналасқан.

Еліміздегі эпиджағдай

Қазақстанда өткен тәулікте 6678 адамнан коронавирус індеті расталған. Ал 13374 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шыққан. 4 ақпандағы мәлімет бойынша 120 059 адам коронавирус инфекциясынан (118 880 КВИ+ және 1 179 КВИ-) емделуде. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда коронавирустен емделіп жатқан 450 адамның жағдайы ауыр.

Сондай-ақ, бүгінгі күні коронавирусқа қарсы І компонентін 9 221 794 адам, ІІ компонентін 8 793 354 адам екпе салдырған. Өңірлер бойынша нақты деректер төмендегі кестеде көрсетілген.

Эпидахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары орналасқан. «Сары» аймақта Шымкент қаласы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары тұр. Ал, «жасыл» аймақта тек Қызылорда және Түркістан облыстары бар.

Айта кетейік, елімізде 4 ақпандағы жағдай бойынша 1 705 540 адам ревакцинациядан өткен. Оның ішінде 135 373 адам медицина қызметкерлері болса, 238 568 адам 60 жастан асқан адамдар.

Венера Жоламанқызы