Коронавирус: елдегі қазіргі ахуал қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың 381 жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе аз. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, қазір елдегі коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері өлім-жітім тіркелмеген.
– Соңғы мониторинг (қыркүйек) деректеріне сәйкес, Қазақстанда «Стратус» деген атпен белгілі XFG коронавирус нұсқасы басым. Зерттелген үлгілердің 68,7%-ында оның RV.1.1 қосалқы желісі, 25%-ында XFG.3 желісі анықталды. Ал үлгілердің 6,3%-ында JN.1 және RF.5.3 желілері айқындалған, – деді С. Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған нұсқалар Омикронның өзге нұсқаларына қарағанда халық денсаулығына қосымша қауіп төндірмейді деп бағалаған.
Елімізде коронавирустың таралуын бақылау жалғасып жатыр.
Бұған дейін Астанада ЖРВИ-ге шалдыққан науқастардан алынған 11 сынамадан коронавирус анықталғанын хабарлаған едік.