Коронавирус: Қазақстан қандай елдердің вакциналарын сатып алмақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық министрі Алексей Цой «Хабар» арнасының тілшісіне Қазақстан өзге мемлекеттерден вакцина сатып алатын-алмайтыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, әртүрлі дистрибьюторлармен, компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Алдын ала келісімшарт жасасып жатырмыз. Құпиялылық шарттарына байланысты мазмұнын жариялай алмаймыз. Бірақ қазір бұл вакциналарды Қазақстанға жылдам жеткізу бойынша келісім жүргізіліп жатыр. Sinovac қана емес, Pfizer, Moderna сияқты вакциналарға да қатысты келісім жүргізілуде. Яғни барлық компаниямен келісімге келу кезеңіндеміз. Оларға өтінім жазып қойдық. Жақын арада оның бағасы мен жеткізу уақытына қатысты жауап күтіп отырмыз», - деді ҚР Денсаулық министрі Алексей Цой.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ресейлік «Спутник V « вакцинасы ғана қолданылып отыр. Отандық KazCOVID-in вакцинасы сынақтың соңғы кезеңдерінен өтуде.