Коронавирус: Қазақстандықтарды вакцинациялауға қатысты қаулы шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысымен ел тұрғындарын коронавирусқа қарсы вакцинациялау бойынша қаулы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус: Қазақстандықтарды вакцинациялауға қатысты қаулы шықты

Аталған қаулыға сәйкес, бірінші кезекте коронавирус жұқтырып алу қаупі жоғары санатқа кіретін адамдарға вакцинация жасалады. Олар:

- медицина қызметкерлері, бірінші кезекте инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық көмек, реанимация және терапия бөлімшелері, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қабылдау бөлімдері персоналдары, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары;

- педагогтер;

- учаскелік полиция қызметкерлері;

- студенттер;

- медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері мен контингенті;

- төтенше жағдай қызметтерінің, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері;

- ҚР Президенті Іс басқармасының контингенті, мемлекеттік қызметшілер, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық, консулдық мекемелердің қызметкері саналатын ҚР азаматтары, ұлттық құрама командалардың мүшелері;

Созылмалы аурулары бар (қант диабеті, созылмалы обструктивті өкпе ауруы, жүрек-қан тамыры жүйесінің сырқаты) тұлғалар.

Ал алдын алу екпелеріне тұрақты және уақытша медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдарға, КВИ-дің өткір және симптомсыз түрімен ауырғандарға вакцинация салынбайды. Коронавируспен ауырғандармен қарым-қатынаста болғандарға карантин мерзімі өткеннен кейін ғана екпе салынады.

Құжаттың толық мәтіні. Қаулыда сондай-ақ вакцинаны салдыруға қарсы көрсетілімдер белгіленген.

Еске салайық, Қазақстанда Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») ресейлік вакцинасымен егу 1 ақпанда басталады.