Коронавирус: Көкшетау автобус паркі көліктерінің қозғалысы шектелді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда коронавирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болғандар «Көкшетау автобус паркі» ЖШС-нен табылды. Сол себепті аталмыш кәсіпорынның қалаішілік бағыттағы автобустарының қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Облыс орталығындағы эпидемиологиялық жағдайдың өршуі және коронавирус жұқтырған тұлғаның анықталуы, сондай-ақ, жақын байланыста болған адамдардың «Көкшетау автобус паркі» ЖШС-нен табылуына байланысты аталмыш кәсіпорынның қалаішілік бағыттағы автобустарының қозғалысына шектеу қойылды.
Бұлар қалаішілік №1,5,9,10,11,12,13,15,15А,16,18,25 бағыттағы, саяжайға қатынайтын №36 бағыттағы автобустар. Енді бұл негізгі бағыттарды «СейНұр фирмасы» ЖШС-нің №9 (2 рет шығады), №12 (4 рет шығады), №13 (1 рет шығады), «Қалышев ЖК» кәсіпорнының №18 (1 рет шығады), «АТП-Тұлпар» кәсіпорының №36 (1 рет шығады) автобустары қамтамасыз етеді.
Қалған 8 бағыт бойынша алдағы уақытта қосымша шара қолданылады және ол туралы ескертілетін болады»,- дейді ведомстводан.